366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Самрұқ-Қазына» Лондонда бірқатар келісімге қол қойды

  • 177
  • UPD: 22:39, 03.10.2018

«Самрұқ-Қазына» қоры «Шалқия» кен байыту фабрикасы мен Еуропалық қайта құру және даму банкі арасындағы несиелік келісімге кепілдік ұсынды.

Лондонда өткен қазақстандық инвестициялық форум аясында тиісті құжатқа қол қойылды. Біріккен Корольдіктегі «Хабар 24» тілшісі Ғалымжан Қараманұлы сабақтайды.

Өткен жылы жазда жасалған несиелік келісімнің құны – 295 миллион АҚШ доллары. Еуропалық қайта құру және даму банкі бұл инвестицияны Қызылорда облысындағы «Шалқия» кен орны кен байыту фабрикасының құрылысына құйып отыр. Ал «Самрұқ-Қазына» қоры фабриканы қаржыландыруға тартылған инвестиция міндеттемелерінің кепілгері атанды.

Айта кеткен жөн, «Шалқия» – қор мен банк арасындағы әріптестік жобалардың маңыздыларының бірі саналады. Еліміздің ең ірі қорғасын-мырыш кен орнында кен байыту фабрикасын салу арқылы жылына 100 мың тонна мырыш пен 20 мың тонна қорғасын өндіруге мүмкіндік тумақ.

Сума Чакрабарти, ЕҚҚД банкінің президенті:

- «Шалқия» біз инвестиция салған, біз үшін өте маңызды компания. Бізге және Қазақстанға жобаның экономикалық және әлеуметтік тұрғыда пайдасы зор деп ойлаймын. Ол жастар және әйелдер үшін жаңа жұмыс орындарын ашып, аймақтың дамуына серпіліс бермек.

Бұдан бөлек, «Шалқия» жобасын толық жүзеге асыру үшін маңыздылығы еш кем емес тағы бір келісімшартқа қол қойылды. Оған сәйкес германиялық компания «Шалкия» кен байыту фабрикасын толығымен салып беретін болады. Жоба құны – 651 миллион АҚШ доллары.

Олег Мантлер, Engineering Dobersek GmbH компаниясының коммерциялық жетекшісі:

- Біз бұл жобаға қатысу мүмкіндігіне ие болғанымызды ерекше мақтан тұтамыз. Жоба 3 жыл ішінде жүзеге аспақ. Нәтижесінде тапсырыс берушіні де, біздің компанияны да қанағаттандыратын өнім пайда болатындығына сеніміміз мол.

Инвестициялық форумда сөз алған «Самұрық Қазына» ҰӘҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімов әлеуетті инвесторларға мемлекеттік активтерді жекешелендіру бойынша бағдарламаға қатысуды ұсынды. Ол арнайы экономикалық аймақтар алаңында біріккен кәсіпорындар ашу мүмкіндіктерін қарастыруға шақырды.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы