366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Асқар Жұмағалиев АҚШ кәсіпкерлерін бірлесе жұмыс істеуге шақырды

  • 113
  • UPD: 11:01, 06.10.2018

Нью-Йоркке Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев бастаған делегация келді.

Делегация құрамына министрлер, ұлттық компаниялардың басшылары, кәсіпкерлер мен банкирлер кірген. Олар «Өзгеріп жатқан Еуразиядағы Қазақстанның орны» атты форумның жұмысына қатысты. Осы басқосудың негізгі мақсаттары тікелей инвестицияларды тарту, «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту және жекешелендіру бағдарламасын алға бастыру болған. 

АҚШ-тың халықаралық қатынастар кеңесі елдің зияткерлік орталығы саналады. Осы жерден АҚШ экономикасының 80 пайызы бақыланады. Сондай-ақ Ақ үй мен конгресске нұсқаулар әзірленіп, маңызды инвестициялық болжамдар жасалады. Бұл жолы мұнда қазақстандық делегация болды. Асқар Жұмағалиев екі елдің қарым-қатынасына тоқталып, келешегін сөз етті.

Асқар Жұмағалиев, Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары:

- Қазір екі ел үшін қалыптасқан оңтайлы үрдістерге сүйеніп, инновациялар мен білім саласындағы жобаларды жүзеге асыратын кез келді. Соңғы бірнеше жылда Қазақстан ауқымды реформаларға негізделген бағдарламаны аяқтады. Осының арқасында еліміздегі іскерлік, инвестициялық ахуал жақсара түсті.

Асқар Жұмағалиев АҚШ кәсіпкерлерін ақпараттық технологиялар, металлургия, машина жасау, ауылшаруашылық, азық-түлік пен химия өнеркәсібі салаларында бірге жұмыс істеуге шақырды. Ол сөз арасында Қазақстандағы цифрландыру бағдарламасы туралы да баяндап берді. Ал форумның ашылуында сөз алған «Самырұқ-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасының орынбасары Алик Айдарбаев қордың 2018-2028 жылдарға арналған жаңа стратегиясымен таныстырды.

Сапарбек Тұяқбаев, Kazakh Invest АҚ басқармасының төрағасы:

- Бұл іс-шараға 250-ден астам ірі америкалық компанияның басшылары, өкілдері қатысып отыр. Әрине, жаңа жобалар талқылап жатыр. Негізгі маңызы, бұл Елбасының АҚШ-қа жасаған іссапарынан 8 айдан кейін, соның жалғасы ретінде бастамаларын жалғастыру бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз.

АҚШ іскерлер қауымының өкілдері «Астана» халықаралық қаржы орталығына көз тігіп, Қазақстандағы бизнес дамыту мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты. Қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов қатысушылар тарапынан түскен көптеген сұрақтарға жауап берді. Форум аясында өткен бір сессияны АҚШ Мемлекеттік хатшысының бұрынғы көмекшісі Дэвид Меркель басқарған. Қазір Атлантикалық кеңесте ғылыми орталықты басқаратын ол Қазақстанның даму жолын мұқият бақылап жүр екен.

Дэвид Меркель, АҚШ Атлантикалық кеңесіндегі ғылыми орталықтың директоры:

- АҚШ-тың халықаралық қатынастар бойынша кеңесі Қазақстан делегациясымен өткен кездесуді құп көреді. Форумға қатысқан америкалық кәсіпкерлер Қазақстандағы жекешелендіру мен инвестициялық мүмкіндіктер туралы білгеніне риза болды.

Қазақ еліндегі инвестициялық ахуал керемет. Chevron мен Exxon Mobil сияқты компаниялардың Қазақстанда жұмыс істейтінін білеміз, демек тәжірибе бар. Енді ол компаниялардың мұнай-газдан өзге де салаларда ынтымақ орнатуға мүмкіндіктері зор.

Авторлары: Майра Абдрахманова, Ренат Садыров

Хабар 24 телеарнасы