366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Еліміздің 3 қаласында баспана бағасы өсті

  • 346
  • UPD: 13:15, 07.10.2018

kn.kz басылымының талдау қызметі ұсынған мәліметке сүйенсек, Астана, Алматы және Қарағанды шаһарларында орташа өсім шамамен 2 процентке тең.

Осылайша бүгінде шаршы метр құны 400 мың теңгеге жуықтайды. Мәселен, оңтүстік астанада екінші нарықтағы баға 3-5 процентке өскені байқалса, ескі тұрғын үйлердегі пәтерлер керісінше арзандаған. Екі бөлмелі баспанаға сұраныс 4 пайызға артып отыр. Оларға қатысты баға өсімі де осынша. Астанада жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлер жергілікті жылжымайтын мүліктер тізімінің көш басында келеді. Қоныстанушылар да көбіне элиталы аудандарға басымдық беріп отыр. Елордада пәтерлері арзан саналатын Алматы ауданының өзінде 2 пайыздық өсім тіркелді. Ал кеншілер мекеніне келетін болсақ, қала орталығы мен оңтүстік-шығыс ауданындағы өсім көрсеткіші 2-3 процентті көрсетіп отыр. Жалпы, сарапшылардың айтуынша, жылжымайтын мүлік нарығындағы баға әзірше тұрақты. 

Еліміздің ірі қалаларында пәтер сатып алу деңгейі төмендеген. Статистика комитетінің дерегі бойынша, елордада тұрғын үйді сатып алу-сату келісім шартының саны 2,4 процентке азайған. Ал Алматыдағы көрсеткіш - 12 процент. Қызығы сол, Қарағанды қаласында жасалған келісімдер үлесі 3 процентке артқан. Бүгінде отандық нарық ережесіне түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдіктер жасалып жатқаны хақ. Мәселен, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша құрылыс жұмыстары тоқтаған емес. Ал «7-20-25» ипотекалық несие арқылы қолжетімді баспана иесі атану жағдайды одан сайын оңайлатқандай, дейді сарапшылар. Аталған ипотека бойынша бүгінде жалпы құны 14 млрд теңгеге 1200 несие ресімделген.

Осы орайда Fitch рейтинг агенттігі Қазақстанның ипотекалық компаниясының жұмысын оң бағалады. Жарияланған талдауда сарапшылар тұрақтылықты байқаған. Ел азаматтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету саясатын стратегиялық тұрғыда жоғары бағалап отыр. Мәселен, бүгінде Қазақстанның ипотекалық компаниясы Үкіметтің тікелей бақылауында келеді. Мемлекеттік басқарушы органдар тарапынан да түрлі мониторингтер жүргізіліп, республикалық қазынадан бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалып жатқанына аудит жасалып отыр. Фитч агенттігінің болжамы бойынша отандық ипотекалық саясат соңғы жылдағы көрсеткіштерді сақтап, түсімге кетпейді. Төменгі пайыздық мөлшерлеме және компания активтерінің сапасы арқылы мемлекеттік қор жинағы нығая түспек.

Бензинді сыртқа экспорттау арқылы ішкі нарықтағы бағаны өсіріп алуымыз мүмкін екен. Ресей қазақстандық өнім экспортына салған шектеуін алып тастағаннан кейін шетелге жанар-жағармай тасымалдау қарқыны үдеуі ықтимал. Ал бұл өз кезегінде құнның шарықтауына әкеп тірейді. Жуырда екі көрші елдің Энергетика министрлері ведомствоаралық келісімге қол қойды. Сондай-ақ құжат Қазақстанға бензинді Еуразиялық экономикалық одақ аумағынан тыс елдерге де экспорттауға мүмкіндік береді. Тұңғыш Президент Қоры жанындағы әлемдік экономика және саясат институты сарапшыларының пікірінше, 2025-жылға дейін ортақ нарық ережесіне сәйкес, баға тараптар үшін ортақ болады. Алайда қазір ресей мұнайының бағасы отандық қара алтыннан әлдеқайда жоғары, сондықтан ішкі баға көрші елдегі құнмен теңестірілуі әбден мүмкін, дейді талдаушылар. Еске сала кетейік, бензин экспортына тыйым 2009 жылы салынды. Қазақстанға бензинді жеңілдетілген бағамен сатқан Ресейдің осы шешімі бүгінде өз күшін жойды. Десек те, Қазақстан өзіне тасымалданған ресей мұнайын өзге бір үшінші елге жоғары бағамен қайта экспорттай алмайды. Бұрын, көлік отынын шетелге шығару түгілі, жергілікті станцияларды толық қамту мүмкін болмағаны белгілі. Тапшылықты Ресейден жеткізіліп келген жанармай толықтырып отырды. Ал енді жағдай өзгерді. Елдегі мұнай өңдеу зауыттары қайта жаңғырталғаннан кейін, отандық бензин жетіспеушілігі болмайды.

 

Хабар 24 телеарнасы