360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дипломаттар «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА жұмысымен танысты

  • 218
  • UPD: 23:19, 07.10.2018

Елімізде аккредитациядан өткен дипломатиялық корпустың өкілдері Алматы облысындағы «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағына барды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сыртқы істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада облыс әкімі, ұлттық теміржол компаниясының басшылығы мен кәсіпкерлер шетелдік делегаттарды арнайы экономикалық аймақтағы жобалармен таныстырды.

Шетелдік қонақтар Қазақстан-Қытай шекарасындағы Алтынкөл станциясына дейін пойызбен барды. Станциядан «Қорғас – Шығыс қақпасына» дейінгі аралық жеңіл көлікпен 10 минуттық жер. Арнайы экономикалық аймақтың тыныс-тіршілігімен танысқысы келген делегаттардың құрамы ауқымды.

Қайрат Әбдірахманов, ҚР Сыртқы істер министрі:

- Кеше ғана Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстан халқына үндеуінде біздің үкіметтің алдына, сонымен қатар СІМ алдына бірқатар үлкен-үлкен міндеттер қойған болатын. Бүгін Қорғасқа қырықтан астам мемлекеттің елшілері, дипломаттары келіп отыр. Әлемнің ірі-ірі, дүниежүзілік және өңірлік халықаралық ұйымның басшылары келіп отыр.  

Жалпы шекара маңындағы арнайы экономикалық аймақтың көлемі 4,5 мың гектардан асады. Бүгінде оның 680 гектарына инфрақұрылым тартылған. Қалған жер резервте тұрады. Мұнда құрғақ порт, логистикалық және индустриалдық аймақ бар. Қазіргі уақытта астық өңдейтін, жем азығын, товарлы бетон шығаратын заводтың және «А» санатындағы қоймалардың құрылысы жүріп жатыр.

Балжан Аманжолова, холдинг өкілі /БАӘ/:

- «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында элеватор мен жем шығаратын завод салып жатырмыз. Алғашқы кезде жылына 60 мың тонна жемазығын шығарамыз. Өндірілген өнім экспортқа шығарылады.  

Үш жыл бұрын пайдалануға берілген «Құрғақ порттың» жұмысын ерекше атап өткен жөн. Қытайдың 17 провинциясы, Вьетнам және Оңтүстік Кореямен әріптестік аясында порт арқылы 200 мыңнан астам контейнер тасымалданған. Ал 2020 жылға қарай Еуразия елдерінің нарығына 2 миллион контейнерге дейін жеткізу жоспарланған.

Қанат Алпысбаев, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- 1,7 миллиард доллар көлемінде жеке инвестиция тарту туралы нақты келісімшарттар бар. Былтыр шетелдік компания инвестиция салатынын мақұлдап, тиісті құжатты бекіткенбіз. Қазіргі таңда беделді порттық операторлардың бірімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

Қанат Алпысбаевтың айтуынша, соңғы 10 жылда Қазақстанның көлік-логистикалық инфрақұрылымына 30 миллиард долларға тарта инвестиция салынған. Ал 2020 жылға дейін тағы 8 миллиард доллардан астам қаржы салу жоспарлған. «Бұл сауда бағыттарының дамуына септігін тигізері сөзсіз», – дейді шетелдек меймандар.

Жискар Әл-Хури, Ливан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі:

- Арнайы экономикалық аймақпен мұқтият таныстық. Бұған дейін «Жібек жолы» жобасы туралы көп естуші едік, бүгін өз көзімізбен көріп отырмыз. Сіздердің жобаларыңыздың артықшылықтарын байқап отырмыз. Енді бұл мәліметтермен өзіміздің компаниялармен бөлісетін боламыз.   

Дипломатиялық корпус өкілдеріне өңірдің туристік әлеуеті туралы да тұщымды мағлұмат берілді. 

Амандық Баталов, облыс әкімі:

- Туристік потенциалы қандай. Ел таң қалатын жерлер бар. Соның бәрін біз осындай өкілдерге, елшілерге айтуымыз керек, көрсетуіміз керек. Сонда өзінің еліне барып инвесторларды тартады.

Дипломаттардың сапары «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығында аяқталды. Сауда, экономикалық және туристік қарым-қатынастың ірі орталығы саналатын кешен 2002 жылы ашылған болатын. Шетелдік қонақтар орталықты аралап, ондағы сауда-саттық жасауға берілген жеңілдіктермен танысты. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы