366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Салықтық амнистия: Кәсіпкерлер Елбасы Жолдауына үн қосты

  • 207
  • UPD: 12:12, 08.10.2018

Бизнес салық органдарында жиналған айыппұлдары мен өсімақыларынан босатылады, деп хабарлайды «Хабар24».

Президент Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікті заңсыз әкімшілік қысымнан салық амнистиясын жасау арқылы қорғауды тапсырды. Іс-шара 2019 жылдың 1 қаңтарынан басталады.

Негізгі салықты төлеген шағын және орта бизнес субъектілерінің өсімақылары мен айыппұлдарын кешіру – Елбасының Халыққа Жолдауында айтып, қызу талқыланып жатқан бастаманың бірі. Нұрсұлтан Назарбаев салықтық заңбұзушылық бойынша қылмыстық жауапкершілікті қолдану шегін айыппұлды өсіре отырып, 50 мың айлық есептік көрсеткішке дейін арттыруды тапсырды. Және де Үкіметке 3 жыл ішінде экономикадағы көлеңкелі айналымды кем дегенде 40 пайызға қысқарту үшін шаралар қабылдауды міндеттеді. Президент тапсырмасы – кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық. Олардың айтуынша, шара – дер кезінде қолға алынған маңызды шешім. Оның мемлекет әл-ауқатын жақсартуға ықпалы күшті болмақ.

Қуатбек Жоланов, кәсіпкер:

– Мен – кәсіпкермін. Көп жылдан бері бизнеспен айналысып келемін. Салық амнистиясы шағын және орта бизнеске істі жаңадан бастауға және кәсіпкерлердің қаржылық жағдайын жақсартуына көмектеседі. Көптеген мәселе шешіледі. Егер шағын және орта кәсіпкерлікті қолдамаса, бизнес дамымайды. Бұл саланы жандандырмай, мемлекет экономикасы өрлемейді.

Жамбыл облысында 80 мыңға жуық орта және шағын кәсіпкерлік нысан бар. Жергілікті кәсіпкерлердің айтуынша, Президент ұсынған коммерцияны қолдау мен дамытудың жаңа шаралары бұл істі кеңейтуге мүмкіндік беріп қоймай, аймақ экономикасын жаңа деңгейге көтеруге көмектеседі. Мысалы, мына өнеркәсіп мемлекеттік қолдаумен бірнеше жыл бұрын ашылған. Зауыт жылына электр энергиясын үнемдейтін 15 мың шам шығарады. Бірақ өткен жылы жергілікті өнімге сұраныс күрт төмендеп, өндірістік қуат та қысқарған. Салдарынан өндіріс ошағы да салық бойынша миллиондаған теңге қарызгерге айналып шыға келеді. 

Нұрбол Күздекбаев, кәсіпкер:

– Тексерулер қазір тоқтатылсын деп жатыр. Ендігі жылдан бастап салық амнистиясын жариялап жатыр. Біз оған өте қуаныштымыз. Себебі біздің өзімізде де қазір негізгі салықтан бөлек өсімпұл бар еді. Соны алып тастайтын жағдай болса, бізге көп көмегі болар еді. 

Кәсіпкерлерге заңды коммерциялық қызметін қайта жаңғыртып, борыштық ауыртпалықтан құтылу мүмкіндігі астаналықтардың да қызу қолдауына ие болды. Қала тұрғындары мұндай қадам өзекті, себебі дәл осы бизнес көптеген қазақстандықты жұмыспен әрі тұрақты кіріспен қамтамасыз етіп отырғанын айтады.

БЛИЦ:

– Менің ойымша, кәсіпкерлерге өте жақсы жағдай деп ойлаймын. Салықтары қарыздарын кешіп жатса, оларға да жақсы. Еліміздің көркеюіне де септігін тигізеді.

– Әрине жақсы. Негізі салықтың мөлшері көп болмайды. Өзіміздің өнімді шығарған жақсы, шет елдерден әкелгенше. Біздікі сапалы әрі арзан.

Салық амнистиясы бойынша өзгерістер жыл соңына дейін тиісті заң жобасында қамтылатын болады. Айта кетейік, елде мұндай шара алғаш рет 2001 жылы қолданылған еді. Екінші рет 2006, ал үшінші рет 2014 жылы жүргізілді. Елбасының айтуынша, олар оң нәтиже берді. Ресми дерекке сүйенсек, бірінші амнистия кезінде 480 миллион доллар, ал екінші рет 472 миллион доллар заңдастырылды.

Авторлары: Марал Аманжолова, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы