366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмолалық кәсіпорындар ет пен сүт өндірісін 2 есеге арттырады

  • 111
  • UPD: 08:07, 11.10.2018

Үкімет өңдеу секторындағы экспорттаушыларға қолдау көрсетуді күшейтуі керек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал кәсіпорындар тек шикізатты ғана емес, терең өңделген өнімдерді шетел асыруы тиіс. Сондай-ақ ішкі нарық та отандық өнімнен тарықпауы қажет. Бұл – Елбасының Жолдауда жүктеген міндеттері.

Ақмола облысында экспортқа өнім шығаратын 81 кәсіпорын бар. Бұл – аймақтағы зауыт-фабрикалардың үштен бірі. Өңірде әсіресе, бидайдан бөлек, ұн, ет және сүт секілді ауыл шаруашылығы өнімдерін экспортқа шығару жолға қойылған. Дегенмен өңделген өнімдерді де сырт елдерге саудалап отырғандар баршылық. 

Самат Сәниев, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бас маманы:

– Біз өнімдерімізді негізінен Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне экспорттаймыз. Еуропа елдерінен Польшаға да өнім жөнелтіп тұрамыз. Ал ақмолалық ұнның негізгі тұтынушысы – Ауғанстан. Ол жаққа облыста шығарылған ұнның 40 пайызы жіберіледі. Тәжікстан, Түрікменстан және Пәкістанға тауық жұмыртқасы мен минералды сулар саудаланады.

Аймақ алдағы 5 жылдың ішінде ет пен сүт өндірісін 2 есеге өсіріп, оларды өңдейтін кәсіпорындардың жүктемесін 90 пайызға дейін арттыруды жоспарлап отыр. «Ол кезде шетелге шығарылатын өнім көлемі де көбейеді», – дейді мамандар. Себебі бұл – Президенттің пәрмені.

Хасым Итқұсов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары

– Жолдаудағы міндеттерді жүзеге асыруға байланысты 2018-2022 жылдарға арналған өңірлік агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасы қабылданды. Қазірдің өзінде жылына өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің саудасы 46 млн АҚШ долларына жетсе, алдағы жылдары 106 млн долларға жеткізу жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Елбасы Жолдауда экспортқа шығарылатын өнім көлемін көбейтіп қана қоймай, өз өнімдерін экспорттап отырған кәсіпорындарды қолдау мақсатында Үкіметке алдағы жылдары ел қазынасынан қосымша 500 миллиард теңге бөлуді тапсырған болатын. Бұл, өндіріс ошақтарының жұмысына серпін берері сөзсіз. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы