360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жетісуда ең үлкен күн электр станциясы салынып жатыр

  • 192
  • UPD: 23:25, 12.10.2018

Жер жәннаты – Жетісудың бай өңір екені баяғыдан белгілі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәуелсіздік жылдары ондағы өзендердің бойынан «Мойнақ» ГЭС-і мен бірнеше шағын су электр станциялары салынды. Тіпті самал желінің өзі жасыл экономикаға үлес қосуда. Енді Қапшағайға жақын маңайдан аса ірі күн электр станциясы салынуда.

Көлемі 400 гектардан асатын алқапқа күн көзінен қуат алатын аса ірі электр станция жайғасады. Оған 218 металл тіреуіштер мен 300-ден астам күн шуағы төгілетін панельдер қойылады. Жұмыс екі кезекпен жүргізіледі. Біріншісінде 100 мегаваттық, іле-шала 50 мегаваттық станция салынады. Сөйтіп алдағы көктемде электр қуатын өндіре бастайды. Бұл былтыр Астанада өткен ЕХРО 2017 халықаралық көрмесінде Қазақстан мен Қытай арасындағы индустриалды-инвестициялық ынтымақтастық жөніндегі бағдарламаның тізіміне кірген жоба. Елбасы Жолдауында осындай инновациялық технологияларды ел игілігіне айналдыру міндеттелген.

Шеңгелді жазығындағы бұл нысан жалғыз емес. Қазір аймақта электр қуатын өндіретін 24 нысан жұмыс істеуде. Облыс 3 миллиард киловат-сағаттан астам электр қуатын пайдаланады. Соның 60 процентін сырттан тасымалдайды, 40 процентін өзі өндіреді.

Нұрлан Шаяхметов, облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Алда 84 объект іске қосылатын болады. Оның ішіндегі ең ірі объект Шеңгелді ауылында және Алакөл ауданында іске асырылады.

Аймақта электр қуатына деген тапшылықты жоюдың 7 жылдық жоспары жасалған. Яғни облыс 2025 жылы бұл мақсатқа толық жететін болады.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы