366.86 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Бизнестің жол картасы» аясында елімізде 19 мың жоба жүзеге асқан

  • 86
  • UPD: 10:06, 14.10.2018

Елбасы өз Жолдауында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын 2025 жылға дейін созуды тапсырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдегі кәсіп иелеріне қаржылай қолдаудың арқасында алдағы алты жылда жаңадан 20 мың жұмыс орны ашылады. Бір ғана Астананың өзінде бағдарлама аясында бүгінге дейін жалпы құны 150 млрд теңгені құрайтын 709 жоба іске асыпты. Өндірілген өнім көлемі 800 млрд теңгеге жетіп, бюджетке 46 млрд теңге түскен.

«Бизнестің жол картасы» талай жастың кәсіптегі жолына қолдау берді. Бағдарлама игілігін көргендердің бірі – астаналық Жібек Әділбақытқызы. Тыңнан іс бастауды жөн көрген іскер қыз елордада ел естімеген қонақүйін ашты. Мұнда әдеттегідей кең бөлмелер жоқ. Есесіне шағын қорапшалар тұр. «Капсула қонақ үйдің» құны да қолжетімді. Мысалы үш сағаттық демалыс 2000 теңгені құрайды.

Жібек Әділбақытқызы, кәсіпкер:

– Төлеген қаржыңызға жатын орнынан бөлек, орамал, аяқ киім және жуынатын бөлме де кіреді. Капсуланың іші қажетті құралдармен толық қамтылған. Смарт-тв, интернет желісі, жарық және қуаттағыш құрылғылар орнатылған. Ауа тазалайтын желдеткіш пен өртке қарсы жабдық та бар.  

Жібек аталған қонақүйді ашу идеясын Жапониядан алғанын айтады. Арманын жүзеге асыру үшін ұлттық кәсіпкерлер палатасына өз жоспарын ұсынады. Мамандар жас қыздың ісіне қолдау білдіріп, 3 миллион теңге грант бөледі. Қаржыны тиімді іске жұмсаған Жібек енді «капсула қонақ үйлерді» Ақтау мен Алматыда ашуды ойлап жүр. Жалпы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында елімізде осы уақытқа дейін 19 мың жоба жүзеге асыпты.

Салтанат Каменова, Кәсіпкерлікті қолдау орталығы директорының орынбасары:

– Бағдарлама аясында өңдеуші өнеркәсіп пен қызмет көрсету саласына сұраныс көп. Кәсіпкерлерді қолдау жобасы осы екі бағытта басым. «Бизнестің жол картасы» іске қосылғалы бері елімізде қосымша 90 мың жұмыс орны пайда болды. Яғни бұл бағдарлама экономикадағы маңызды секторлардың дамуына тікелей дем беріп келеді. 

Елбасының тапсырмасы бойынша «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғасады. Жыл сайын бюджеттен кәсіпкерлерді қолдауға 30 млрд теңге бөлінеді. Бұл жұмыс орындарын көбейтіп, қазынаға түсетін салық көлемін ұлғайтуға сеп болады.

«Бизнестің жол картасы» аясында жыл сайын бюджеттен шағын және орта кәсіп иелерін қолдауға 30 млрд теңге бөлінеді. Алдағы үш жылда 4 мың жоба іске қосылады. Сәйкесінше, жаңадан 22 мың жұмыс орны ашылып, олар 3 трлн теңгенің өнімін шығаруы тиіс. Салықтан үш жылда қазынаға 224 млрд теңге қаржы түседі. Жалпы бағдарлама шеңберінде 19 мың жоба жүзеге асып, 90 мың жұмыс орны пайдалануға берілді. 

Авторлары: Ермек Кеншімбек, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы