366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жолдау. Кәсіпкерлерге қандай мүмкіндіктер ашылды?

  • 101
  • UPD: 10:07, 14.10.2018

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының қолданылу мерзімінің 2025 жылға дейін ұзаруы кәсіпкерлік саласына жаңа дем беріп, кеңістігін кеңейтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Екінші бір сөзбен айтқанда, шағын және орта бизнестің жаңа тынысын ашуы тиіс.

Бұл кәсіпорын «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы салынған. Зауытта тұрғын үй құрылысына қажетті дайын қабырғалар мен бетон құрылыс материалдары шығарылады. Өндіріс орнының қожайыны 2014 жылы мемлекеттік жоба аясында 7 пайызбен 300 миллион теңге несие рәсімдеп, жұмысты бастады. Бірнеше жыл ішінде аяққа нық тұрған комбинат енді өзі шығарған өнімдерден көпқабатты тұрғын үй салуға көшті. 

Серік Олжабеков, кәсіпкер:

– Бағдарлама кәсіпкерлік саласына серпін берді. 2025 жылға дейін жалғасатын болса, тағы кәсіпорындар ашылар еді. Мұндай мүмкіндікті пайдалану керек. Кейін бұл бағдарлама тоқтаған жағдайдың өзінде артынан сан алуан шағын және орта бизнес қалады. Ел экономикасының айтарлықтай бөлігін осы кәсіпорындар көтереді. Қаншама жұмыс орындары ашылады. Бұл кәсіпкерлерге ғана емес, қарапайым халық үшін тиімді жоба. Елбасы Жолдауда осыны меңзеп отыр.

Тәжірибелі кәсіпкердің еліміздің салық жүйесіне көңілі толмайды. Тым қатаң. Айтуынша ескерту беріп, бизнес өкіліне ыңғайлы жағдай жасалмайды. Бірден айыппұл салынады. Өсім жылдам өсіп, тексерістер мен қатал талап қойылады. «Бұл кәсібін қайтсем жүргізем деп отырған кәсіпкерге ауыр тиеді», – дейді Серік Олжабеков.

Серік Олжабеков, кәсіпкер:

– Қарызды қайтару мемлекет үшін дұрыс шығар. Бірақ кәсіпкерге мүмкіндік беру керек. Мәселен, салық төлемей өсімі өсіп кеткен кәсіпкер, қарызын төлегенде бірінші өсімі мен айыппұлы алынады. Ал негізгі салық сол бойы қалады. Қарызын титықтап әрең төлеп, ендігі жылы негізгі салықты төлеймін дегенше өсім қайта өсіп кетеді. Осылайша, бизнес өше береді. Немесе көлеңкеде жұмыс істеуге мәжбүр болады. Президент салық амнистиясын жасау арқылы осындай кәсіп иелеріне қолдау көрсетіп, көлеңкелі айналымды тоқтатуды ұсынып отыр.

Өткен жылы зауыт 30 пайыз қуатта жұмыс істеген. Биыл сұраныс артып, көрсеткіш 70 пайызға жетіп отыр. «Бұл 7-20-25 бағдарламасымен берілетін үйлердің көптеп салынуының арқасында мүмкін болып отыр», – дейді кәсіп иесі. Бүгінде комбинатта 450 адам жұмыспен қамтылған.

Бүгінде Жамбыл облысында 62 мыңнан астам шағын және орта кәсіп субъектілері тұрақты жұмыс істеп тұр. Олар биылғы жылдың бірінші тоқсанында 66 миллиард теңгеге қызмет көрсетіп, өнім өндірген. Мамандар Елбасы тапсырған салық амнистиясынан кейін бұл көрсеткіш бірнеше есеге артатынына сенімді. Айта кету керек, аймақта 2010 жылдан бері «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы арқылы 97 миллиард теңгенің 1040 жобасы жүзеге асырылған.

Жандәулет Кенжебеков, облыстық кәсіпкерлік және ИИД басқармасы басшысының орынбасары:

–Бүгінгі таңда осы бағдарлама аясында 3 миллиард 300 миллион теңгеге бюджеттік өтінім дайындалып жатыр. Бұл қаржыға 200-ден аса кәсіпкер қолдау алады деп жоспарлап отырмыз.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы