360,86 420.50 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда ЖІӨ-нің 30 пайызын Алматы мен Астана қамтамасыз етуде

  • 123
  • UPD: 10:16, 14.10.2018

Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 70 проценттен астамы қалалардың үлесінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал біздің елімізде ішкі жалпы өнімнің 30 процентін тек Алматы мен Астана қаласы қамтамасыз етіп отыр. Өзге өңірлердің үлесі неге аз? Оларды дамыту үшін Елбасы биылғы Жолдауда міндеттер жүктеді.

Тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері еліміздің екі шаһарының тұрғындары миллионнан асып, мегаполис қатары үшеуге жетті. Халық саны артып келеді. Бірақ қалалардың инфрақұрылымы сұранысқа сай дамып үлгере алмай жатқаны жасырын емес. Олқылықтың орнын толтыру үшін «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» бағдарламалары қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Биыл жергілікті маңызы бар жолдарға 150 миллиард теңгеге, ауылдарды ауызсумен қамтуға 100 миллиард теңгеге дейін қаражат бөлінді. Елбасы биылғы Жолдауында өңірлерде бұқаралық спортты дамытуға да баса мән берді. Ол үшін Үкімет пен әкімдерге кем дегенде 100 денешынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырды. «Бұл – дені сау қоғам қалыптастыру үшін өте маңызды бастама», – дейді сала мамандары.

Садық Мұстафаев, ҚР БҒМ «Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы» МК бас директоры:

– Болашақ Азия, Олимпиада жүлдегерлері ауылда жүр. Олардың спорттық залдары, жаттығатын жерлері болмағаннан кейін ондай мүмкіндік жоқ. Елбасы өскелең жас ұрпақтың денсаулығын нығайту үшін тапсырмалар беріп жатыр. Осыған арнайы Білім министрлігінің бұйрығымен Қазақстанның мың мектебінде үшінші сабақ футбол сабағы деп кіргізді. Бұл қазіргі таңдағы мектеп қабырғасындағы оқушылардың спортқа деген талпынысын өзгертеді.

Өңірлерді дамытуда медицина саласы да назардан тыс қалған жоқ. Келер жылдан бастап еліміздегі емханалардың барлығы құжаттарды электронды жүйемен жүргізеді. Тиісінше дәрігерлер қағазбастылықтан құтылады. Сондай-ақ Елбасы ең алдымен ауылдарда алғашқы медициналық санитарлық көмекті қолжетімді етудің маңызыдылығын атап өтті.

Роза Абзалова, МСАК саласының сарапшысы:

– Президенттің алғашқы көмек көрсететін дәрігерлерге назар аударып, оларға қолдау көрсеткені қуантты. Осы сала үшін арнайы 5 миллиард теңге бөлінді. Бұл аз ақша емес. Яғни медбикелердің айлығына шамамен 15 мың, ал дәрігерлерге 20 мың көлемінде ақша қосылады.

Өңірлерді дамыту мақсатында Елбасы 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді жүктеді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев

Хабар 24 телеарнасы