366.43 425.85 5.6
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысының Құрманғазы ауданы саяхатшылар назарында

  • 118
  • UPD: 14:51, 14.10.2018

Атырау облысының Құрманғазы ауданы тума табиғатымен мақтана алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы «сексен кесік, сегіз арал» деп аталтын су қойнаулары аң-құсқа толы. Бұл әуесқой аңшылар мен балықшылар үшін таптырмас демалыс орнына айналып үлгерді. Қос өзен бойындағы табиғат тамашалары бүгінде еліміз бойынша қолға алына бастаған ішкі туризмді дамытуға мол мүмкіндік берері сөзсіз.

Ежелден балығы тулап, айдыны құс базарынан арылмайтын Қиғаш өзенінің бойы табиғатты тамашалаушылар үшін жұмақ мекен десек артық айтқандық болмас. Көрші мемлекеттерді айтпағанда, Еуропаның туристерін де осы жерден тобымен кездестірдік. 

Матье Бретон турист, Франция:

– Сіздердің өзен-көлдеріңіз құстарға өте бай. Бір ғана үйректің 12 түрін кездестірдік Ал Еуропада оның 4-3 түрі ғана сақталған. Және тұрғындардың адамға деген ықыласы да керемет.

Демалыс орындары туристер үшін барлық жағдай қарастырылған. Оларға жатар орын, моторлы қайық пен арнайы жетекші бөлінген.

Игорь Ершов, әуесқой балықшы, Ресей:

– Қиғаштың шортаны мен алабұғасы туралы аңыз айтуға болады. Сондай-ақ өз өмірімде ең үлкен жайынды да осы жерден ұстадым. 2 жылдан бері қолым босаса, осы арадан табылуға тырысамын.

Қазірдің өзінде ауданда жеті демалыс базасы жұмыс істеп тұр. Тағы төртеуінің құрылысы жүруде. Жыл санап бизнесін туризммен байланыстырғысы келетіндердің қатары артып келеді. Енді алыс аудандағы туризм жобасын жандандыруды мемлекет қолға алмақ.

Ғалымжан Сейілов , «Қазақ туризм» ҰК бас менеджері:

– Өзен иірімдері туристер үшін таптырмас орындардың бірі болып тұр. Біз жарнамалау, маркетинг жағынан атсалысатын боламыз. Осы аймақтың дамуында ең маңызды туристік ресурстардың бірі ретінде өзендерді айта кететін едім.

Тағы бір айта кететін жайт, бұл жерде балық аулау маусымы қысы-жазы үзілмейді. Рас, әзірге келуші санаулы. Себеп, қалтарыста жатқан қорықты аймақтың кереметтерін көпшілік біле бермейді.

Арыстанбек Кенже тілші:

– Лотос гүлі Каспий теңізінің інжу-маржаны саналады. Қазір қазан айы туғалы қурап бара жатыр. Ал енді тамыз айында келсеңіз бұл жерден ақ айдын бетіндегі ғажайып гүлзарды тамашалай аласыз.

Лотос алқабы Каспий теңізінің солтүстік жағалауларында 5 мың гектардай жерді алып жатыр. Қиғаш-Шора өзендерінің тағы бір тамашасы – «Аққу аралы». Жылына мыңдаған аққу томарлар мен қарасудан балапан өргізеді. Табиғатынан тыныштық пен тазалықты қалайтын құс төресін қаймағы бұзылмаған тұмса табиғат өзіне үнемі тартып тұратындай. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы