383,01 431.47 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жолдау: «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерден жобаларды қабылдауды бастады

  • 894
  • UPD: 21:47, 20.10.2018

Үкімет елдегі өңдеуші салаға басымдық беріп, олардың экспорттық әлеуетін арттыруға атсалысуы керек. Сонымен қатар ішкі нарықты да отандық тауарлармен толтыру мәселесі маңызды.

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында экспортқа негізделген дайын өнім шығарудың маңыздылығына тоқталды.

Президент осы міндеттерді шешу үшін Ұлттық банкке 600 млрд теңге көлемінде қолжетімді несиелер бөлуді тапсырды. Қазір «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жолдауда айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақсатында отандық кәсіпкерлерден нақты жобаларды қабылдауды бастап кетті.

Экспорт - Қазақстан экономикалық саясатының негізгі бағыты болуы тиіс. Қазір жеңіл өнеркәсіптің әлеуеті зор. Халықты сапалы азық-түлікпен қамтып, киім-кешек өндірісіне тың серпін беру арқылы экономикалық өсімге қол жеткіземіз.      

Қуаныш Бишімов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары:

- Біз 8 саладағы өңдеуші кәсіпорындар арасында анықтама жүргіздік. Бүгінде жеңіл өнеркәсіп саласын шикізатпен қамту мәселесінде проблема бар. Осыған байланысты біз болашаққа қажетті жаңа маталар түрінің өндірісін дамытуға мән беріп отырмыз.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Елбасы жолдауында айтылған міндеттерді орындау мақсатында жеңіл өнеркәсіп саласының мамандарымен жүздесті. Енді өндіріске қажетті шикізат шығаратын отандық кәсіпорындарға үлкен мүмкіндік бар. Ең басты талап - кәсіпорындарда тың технологияға негізделген өндіріс орнының болуы.

Сәуле Шауенова, Жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағының президенті:

- Біздің Одаққа мүше компаниялар жеңіл өнеркәсіпті дамытуға арналған бағдарлама әзірледі. Жоба бес жылға арналған. Үш негізгі бағыты бар. Бірінші шикізатпен қамту саласы, екінші технологиялық модернизация, үшінші жеңіл өнеркәсіп саласына қажетті мамандар дайындау ісі.

Жиында кәсіпкерлер мақта кластерін дамытуға арналған жобаларын ұсынды. Астанадағы кәсіпорын классикалық костюмдерге арналған түкті мақта мен талшықты мақта өндірісін дамытуға ниетті екендіктерін жеткізді. Мысалы, мақта-мата өңдейтін фабрика ашу үшін 9 млрд 600 млн теңге қажет. Егер кәсіпорын іске қосылса, 265 жаңа жұмыс орны ашылып, өндіріс қуаты 14 мың метрден асатын маталар шығарады. Бұл ішкі нарықты киім-кешекке қажетті шикізатпен қамтуға толы жетеді.

Хабар 24 телеарнасы