377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Лондонда жаңа Жібек жолына арналған конференция өтті

  • 678
  • UPD: 08:30, 22.10.2018

Жаңа Жібек жолы: Орталық Азияға жаңа инвестициялар. Лондонда осы тақырыпта халықаралық конференция өтті.

Шарада Ұлыбритания, Қытай, Қазақстан және Өзбекстан саясаткерлері мен сарапшылары қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасының экономикалық және саяси әлеуетін әңгіме өзегіне айналдырды. Біріккен Корольдіктегі меншікті тілшіміз Ғалымжан Қараманұлының бейнематериалында толығырақ.

Конференцияны Орталық азиялық зерттеу институты ұйымдастырды. Оның негізін қалаушы - ауғандық босқын, Кингс колледж университеті философия факультетінің екінші курс студенті Дариус Насими. Институт Орталық Азия мемлекеттері мен олардың бастамаларын қалың көпшілікке насихаттаумен айналысады.

Дариус Насими, Орталықазиялық зерттеу институтының негізін қалаушы:

- Бұл конференцияны өткізудегі мақсат қытай бастамасының орталықазиялық мемлекеттерге деген саяси және экономикалық ықпалы қандай екендігін талқылау. Және осы мүмкіндіктердің негізінде Британиямен сауда-экономикалық қатынастарды нығайтуды саралау.

Ұлы Жібек жолы экономикалық жаңару идеясын Қытай лидері Си Цзиньпинь Астанада Назарбаев университеті қабырғасында жариялағаны белгілі. Бағдарлама оған қатысушы 103 мемлекеттің экономикалық дамуын арттыруға ғана емес, сондай-ақ мәдени байланыстарды нығайтуға және тұрақты дамуды жетілдіруге бағытталған.

Шао Чжэн, Қытайдың Ұлыбританиядағы елшілігінің кеңесшісі: 

- Брекситтің соңы не болары белгісіз. Бірақ Британия Еуроодақ мүшелігінен шыққанның өзінде Қытайға сенім арта алатындығынан үміттімін. Өйткені біздің ел әлемдегі ең ірі импорттық нарықтың бірі. «Бір белдеу, бір жол» бастамасынан Британия ғана емес Орталық Азияның барлық елдері пайда көре алады.

Жоба жүзеге асқан 5 жылдың ішінде мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 5 триллион АҚШ долларын құраған. Ал Қытай төл бастамасына 60 миллиард доллар көлемінде инвестиция құйған. Жоба аясында басқа елдермен қатар Қазақстан да ынтымақтастықтың жемісін көріп келеді. Бейжің мәліметтеріне сәйкес Аспанасты ел мен біздің мемлекет өткен жылы 18 млдр. АҚШ доллары көлемінде тауар алмасқан екен.

Роджер Холланд, британ-қазақ қоғамының арнайы кеңесшісі:

- Қазақстанның экономикасы қарқынды дамып, Орталық Азиядағы негізгі ойыншыға айналды. Бастапқыда мұнай, газ және тау-кенге бай ел соңғы жылдары экономикасын әртараптандыруға ден қойып, көшбасшы болып келеді.

Ғалымжан Қараманұлы, twitter@baiimbet:

- Орталық азиялық зерттеулер институты болашақта Британия мен Орталық Азия арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған идеялар саралайтын орынға айналуды жоспарлап отыр. Шара ұйымдастырушылары ашық сұхбат алаңы оң өзгерістерге жетелейді деген үмітте.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Хабар 24 телеарнасы