387,34 428,00 6.02
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізден Әзербайжанға экспорттың үлесі артты

  • 534
  • UPD: 10:59, 22.10.2018

Қазақстан өз өнімдерінің Әзербайжанға экспортын 65 жарым пайызға арттырды. Бұл биылғы жылдың 9 айындағы көрсеткіші.

Осының арқасында еліміз Әзербайжанның негізгі сауда серіктестерінің біріне айналған.

Әзербайжан мемлекеттік кеден комитетінің мәліметінше, биылғы жылдың 9 айында екі ел арасындағы тауар айналымы 169 миллион доллардан асқан. Былтыр осы мерзімде бұл көрсеткіш 102 миллион доллар болатын. Ал елімізден Әзербайжанға экспортталған тауарлардың сомасы 134 миллион долларға жақындап қалды. Бұл өткен жылғы экспорт көлемінен артық.

Рашад Гасанов, экономист:

- Қазақстанмен арадағы тауар айналым едәуір өскенін байқап отырмыз. Егер құрылымына қарасақ, астық тасымалы екі есе, ал теміржол құрал-жабдықтарының экспорты 5 есе артқан. Сонымен қатар, Қазақстан мұнай битумының экспортын да үш есе көбейтті. Ал Әзербайжан мәселен Қазақстанға электр кабельдерінің экспортын 8 есе, ал құбыр илемдерінің экспортын үш есе арттырған.  

Қазақстандық күріштің экспорты да үш есе өскен. Былтыр Әзербайжанға 2 мың тонна күріш жіберсек, биылғы 9 айда 7 мың тонна жөнелттік. Сарапшылардың пікірінше, көлік-логистикалық мүмкіндіктердің жақсаруы екіжақты сауда-саттыққа оң әсерін тигізген.

Али Масимов, Әзербайжан парламентінің депутаты:

- Экономикалық қатынастарымызда көлік тораптарының маңызы зор. Соңғы жылдары екі елдің де көлік тораптарының дамуына үлкен көңіл бөлуі өз жемісін бере бастады. Жөнге салынған көлік дәлізі капитал қозғалысына жағдай жасайды. Осы тұрғыда Шығыс-Батыс дәлізі тауар айналымын бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Қос елдің экономикалық қатынастарын ұлғайтуға ниетін ескерсек, бұл үрдіс келесі жылы да жалғасады. 

Болжам бойынша Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы тауар айналымы 200 миллион доллардан асатын түрі бар. Бірлесіп жүзеге асырған жобалар мен жеке меншік саладағы байланыстардың күшеюі өз нәтижесін беріп отыр. Қазақстандық мұнай тасымалының артуы және Каспий арқылы Қытайдан Еуропаға жүк айналымының өсуі осы үрдіске жаңа серпін беруі мүмкін.

Авторлары: Шафаг Алиева, Айгюн Гасан

Хабар 24 телеарнасы