383,69 432.40 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Туризм саласына 600 млрд теңге инвестиция тарту көзделуде

  • 536
  • UPD: 15:37, 29.10.2018
Туризм саласына 600 млрд теңге инвестиция тарту көзделуде

Алматыда Туризмді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның жобасы таныстырылды.

Бағдарлама алдағы 5 жылға арналған туризм саласын дамыту бойынша институционалды жоспар болмақ. Жобаны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі әзірлеген. Егер бағдарлама сәтті іске асса, 2025 жылға қарай еліміздегі туристер ағыны 3 миллионнан 13 миллион адамға дейін көбейеді. Ал туризм саласындағы жұмыспен қамтылғандардың саны 650 мың адамға жетеді деген болжам бар.

Сондай-ақ ұлттық парктерді басқару, туристік нысандарға желі тарту мен туристік кәсіп иелеріне салықтық жеңілдік беру мәселесі қарастырылып жатыр. Ал турбизнес тарапынан ірі туристік нысандарды корпоративті табыс салығынан, мүлік және жер салығынан 10 жылға босату ұсынылды. Нәтижесінде, бюджет салықтан түсетін 25 млрд. теңгені жоғалтуы мүмкін.

Есесіне, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі 3 есеге артып, 600 млрд. теңгеге жетеді деген болжам бар. Сонда ғана жаңа мемлекеттік бағдарлама тиімді болмақ. ҚР Мәдениет және спорт министрінің орынбасары Ерлан Қожағапановтың айтуынша бұл мемлекеттік бағдарламаның басты бағыттары –елімізге келетін туристердің санын арттыру, олардың елге кіріп-шығу жолдарын жеңілдету, туризм инфрақұрылымын дамыту. Осы бағыттар дұрыс жолға қойылса, 5 жылдың ішінде елімізге келетін туристердің саны көбейеді. Бағдарламаға сәйкес 2023 жылға қарай Қазақстанның Ішкі жалпы өніміндегі туризмнің үлесін ең кемі 8 пайызға жеткізу көзделген.

Хабар 24 телеарнасы