378,83 431.00 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында баламалы қуат көздерін өндіретін кәсіпорындар іске қосылады

  • 861
  • UPD: 15:48, 29.10.2018

Халықаралық ЕХРО 2017 көрмесіне қатысқан мамандар өңірлерде тың жобаларды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мәселен, ақтөбелік шаруалар «жасыл экономика» технологиясы бойынша құны 60 млрд теңгелік 21 жобаны іске асыруды қолға алған. Оның алтауы қазір жұмыс істеп тұр. Ал Жамбыл облысында күннен, желден және судан энергия өндіретін 168 мегаваттық 10 станция бар. 2020 жылға дейін облыста болашақ энергия көздерін арттыруға бағытталған тағы 5 нысан салынады деп жоспарлануда.

Облыста жаңартылған энергия көздерін құрайтын 10 станция бар. Соның бірі – 224 гектар алқапты алып жатқан Жуалы ауданындағы күн электр станциясы. Мұнда сағатына 100 мегаватт энергия өндіріледі. Бұл – жетпіс мың үйге жететін қуат көзі. Биыл «Бурное Солар» нысанының екінші кезеңінің құрылысы аяқталып, 50 МВт құрайтын «Бурное Солар -2»  жобасы іске қосылды. Ал Шу ауданындағы Тасөткел су электр станциясы болса, жылына 48 миллион кВатт электр қуатын өндіреді. Қыста Шу өзенінде су мол болса, өнім көлемі де еселенеді

Әлішер Жұмабаев, Тасөткел су электр станциясының директоры:

– Біздің негізгі қуаттылығымыз – 9,2 кв, Нақтылы кезеңде сағатына 3,5 мегаватт өнім аламыз, бұл энергия екі бірдей ауданды жарықпен қамтуға жетеді.

Облыста жалпы сағатына 2 миллиард 986 миллион кв энергия өндіріледі. Бұл өңір жұртшылығы үшін әлі де жеткіліксіз, өйткені халық жылына 3 жарым миллиард кв сағат тұтынады. Сондықтан мамандар алдағы жылдары баламалы энергия көздерін арттыруды көздеуде.

Ақтөбелік кәсіпкер ЕХРО 2017 көрмесін тамашалап қайтқан соң өз қожалығында күн батареясы мен жел генераторын орнатты. Өткен жылы Шығыс Қазақстаннан 150 бас марал әкеліп, үлкен шаруашылық ашты. Жанынан шипажай салып, пантамен емдеу ісін қолға алды. Жеңілдетілген несие алып, оның пайыздық үстемесін мемлекет субсидиялады. Инженерлік коммуникация желілері жете қоймаған жерде 4 ұңғыма күн батареясы мен жел генераторынан қуат алып шаруашылықтарын дөңгелетіп отыр.

Ертарғын Тілегенов, кәсіпкер:

– 10 киловатт энергия береді. Күн батареясы мен жел генераторлары қатар істеп тұр. Жел болмаса, күннен қуат аламыз. Күн бұлттанса, желдің қуаты жетеді. Шаруашылықтағы барлық техника осы қондырғылардан электр қуатын алады. Тіпті тұрмыстық техниканы да қосып отырмыз.

Республикамызда жаңартылған энергия көздерінен алынатын жалпы қуаты 392,8 Мегаватты құрайтын 59 нысан бар. Оның 43 проценті Жамбыл облысының үлесінде. 2020 жылға дейін мұндай нысандардың саны тағы артып, Жамбыл облысы өз қажеттілігінің 60 пайызын баламалы қуат көздерінен алуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Қырмызы Жексенбек. Ақсуәле Байменше, Бақытжан Бапаев, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы