384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО, Қостанай облысы мен Алматы МЖӘ бойынша үздік үштікті құрады

  • 442
  • UPD: 21:09, 29.10.2018

Экономиканың барлық саласы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларымен жеткілікті қамтылмаған. Әсіресе сумен жабдықтау, энергиямен қамту, көлік, жол құрылысы, қауіпсіздік, байланыс, ауыл шаруашылығы, туризм, тұрғын үй құрылысы салаларында қолға алынған жобалар мардымсыз.

Бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында депутаттар Ұлттық экономика министріне сұрақты қарша боратты. Үкімет мүшелері сауалдарға барынша жауап бергенімен, мәжілісмендер көңіл көншітерлік жауап ести алмағандарын жасырмады.

Шығыс Қазақстан облысы тартылған инвестициялар көлемі бойынша үздіктер қатарынан көрінді. Елімізде бүгінге дейін 1 трлн теңгеге 443 мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында шарт жасалған. 2005 жылдан бастап, 142 млрд теңге инвестиция тартылған. Нәтижесінде 275 нысан пайдалануға берілді. Бұл келісім-шарттардың негізгі үлесі өңірлерде жүзеге асырылған. Шығыс Қазақстан облысы,  Алматы қаласы мен Қостанай облысы үздік үштікті түйіндейді.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

- Қазақстанда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын жүзеге асыру 2006 жылдан басталды. 10 жыл ішінде барлығы 3 концессиялық жоба іске асырылды. Бұл теміржол желісі, өңіраралық электр желісі және әуежайдың жолаушылар терминалы. Айта кету керек, ол кезде қолданыста тек ірі инфрақұрылымдық жобалармен шектелетін «Концессиялар туралы» Заң болған. Қазақстанда бұл әріптестік соңғы 7 жылдағы заңнамалық және институционалдық базаның біршама жетілуіне байланысты жанданды.  

Жасалған келісім-шарттың басым бөлігі әлеуметтік салаларға тиесілі. Демек, бір бағытта ғана сең қозғалды. Бұл орайда, депутаттар алдымен ауыл шарушалығы, өнеркәсіп салаларына басымдық беру керек деп отыр. Әріптестіктің көп бөлігі өңірлерге тиесілі десек, облыстарда оны дамытуға арналған нақты бағдарама жоқ деп қынжылды. Мәселен, тұрғын-үй-коммуналдық шаруашылық саласында небәрі 9 келісімшарт жасалған. Ал сумен жабдықтау, су құбырларының тозуы секілді мәселелер жыл сайын артып келеді.

Майра Айсина, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясындағы жобалардың барлығы дерлік әлеуметтік салаларға бағытталған. Алматыдағы айналма жолдың құрылысын есептемегенде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп саласы, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жобалар жоқтың қасы. Сондықтан өндірістік салада мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары қамтылмаған?

Роман Скляр, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі:

- Құрылыс аяқталғаннан кейін нысан мемлекет қарауына өтеді. Өндіріс саласында мұндай міндет жоқ. Дегенмен, мұнда мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобалары жоқ деп айтуға болмайды. Инвестиция туралы Заң жобасында мемлекет серіктес ретінде тегін инфрақұрылым, белгілі уақытқа дейін салық жүктемелерін азайту секілді жұмыстарды атқарады. Бұл жағдайда өндіріс мемлекет меншігіне өтпейтіндіктен ол әріптестік аясында жасалған келісім ретінде қарастырылмайды. Біздің елге келетін инвесторлардың көбі салық бойынша жеңілдіктер сұрайды.  

Депутаттар мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті одан әрі дамыту үшін әлі де  атқарылатын жұмыс көптігін айтты. Әсіресе қазына қаржысын тиімді пайдалануға көңіл бөлу қажет. Бұл ретте артылған ақшаны тұрғындар игіліне жарайтын жобаларға жұмсау керектігі айтылды.

Авторлары: Әсел Тұмашқызы, Аят Дүйсенбаев, Ербол Даиров

Хабар 24 телеарнасы