384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Солтүстік өңірлердегі дүкен сөрелеріне отандық құс етінің өнімдері шығарылады

  • 951
  • UPD: 21:03, 02.11.2018

Қараша айынан бастап еліміздің солтүстік облыстарындағы дүкен сөрелеріне отандық құс етінің өнімдері шығарылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – Орталық Азиядағы бройлер тауықтарын өсіретін тұңғыш ірі өндіріс орталығы. Ақмола облысы Макин ауданында орналасқан құс фабрикасында салқындатылған 28 түрлі өнім өндіріледі. Онда бір сағаттың өзінде 9 мың бас тауық сойылады. Инвестициялық жоба құны – 45 миллиард теңге.

Құс фабрикасы алғашқы кезеңде жылына 25 мың тонна ет өндіреді. Инкубациядан басталатын жұмыстар, одан әрі өсіру, сою, салқындату, жемі де осы кешенде дайындалады. Инкубациялық жұмыртқа Чехиядан әкелінген. Мұнда жылына 27 миллион дана балапан шығаруға барлық мүмкіндік жасалған. Балапандар 42 тәулік аралығында өсіп жетіледі. Статистикалық деректерге жүгінсек, қазір еліміздегі құс етінің 50 пайызы шетелдерден тасымалданады. Отандық құс фабрикасы болашақта ішкі сыртқы нарықты бірдей қамтуды жоспарлап отыр.

Рәбиға Тоқсейітова, Үкімет және мемлекеттік органдармен байланыс қызметінің директоры:

– Қазір Өзбекстан және Тәжікстанның нарығын зерттеп жатырмыз. Сонымен қатар біздің тізімде Иран мен Ауғанстан елдері бар. Жоспарымыз бойынша осы мемлекеттермен тығыз қарым-қатынас орнатамыз деп отырмыз.

Фабриканың алдағы даму жоспары бойынша екінші және үшінші кезең іске қосылса, жылына 100 мың тонна құс етін дайындауға мүмкіндік алады. Өндіріс ауқымының ұлғаюына сәйкес жаңа жұмыс орындары ашылады.

Игорь Ковалев, бастапқы өңдеу учаскесінің шебері:

– Бұл кәсіпорын мені тұрақты жұмыспен қамтып, бала-шағамды асырауыма мүмкіндік беріп отыр. Бұрын біздің ауылдың адамдары жұмыс іздеп  Астана, Көкшетау қалалары тіпті көршілес Ресейге кететін. Енді Макинде тұрып-ақ жоғары жалақысы бар жұмысқа орналастық.    

Қазір сою және өңдеу зауытының құрылысы аяқталуға жақын. Бұрын елімізде мұндай ірі жоба болмағандықтан құрастыру жұмыстарына шетелдік мамандар да тартылды. 

Олег Полковников, құс фабрикасының өндірістік жетекшісі:

– Мында өндірісті іске қосу жұмыстарымен айналысатын супервайзерлердің арнайы бридагасы орналасқан. Барлық мамандар шетелдіктермен бірге біліктілігін арттырған.   

Қазір құс фабрикасында 700-ден астам адам жемісті еңбек етіп жатыр. Болашақта жұмысшылар саны 900 ге дейін жеткізіледі. 

Авторлары: Бекен Әлирахым, Мәдина Смағұлова, Анатолий Полянный, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы