389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық ғарыш орталығы жанынан бірнеше нысан бой көтермек

  • 934
  • UPD: 21:42, 26.11.2018

Елорданың да қазір экспорттық әлеуеті күшті. Шаһарда іске қосылып жатқан бизнес нысандары біраз.

Араларында шетелдік инвестицияға бой көтергендері көп. Былтыр Астана экономикасына сырт елдерден 1 трлн теңгеге жуық қаражат тартылған. Инвестиция көлемі биыл да сол деңгейде болады деген есеп бар.  

Мың жарым адамға арналған тұрғын үй кешені, 3 балабақша, 600 орындық мектеп, киберарена, планетарий, қонақүй. Осының барлығы Ұлттық ғарыш орталығы жанында бой көтереді. Бұл – Астанада биыл басталған инвестициялық жобалардың бірегейі. Құны да арзан емес. 100 млн доллар. Жобаға жетекшілік ететін малайзиялық компания өкілдерінің айтуынша, ойға алған бастама аяқталғанда, қала ішінде қала пайда болады.

Шыңғыс Ахметов, жобаға жауапты компания өкілі:

– Бұл жобаға инвесторлар аса қызығушылық танытып отыр. Оның кедергісіз жүзеге асуына Үкімет тарапы да мүдделі. Сондықтан барынша қолдау көрсетті. Жалпы жобаны іске қосу 4 кезеңнен тұрады. Толығымен 2025 жылы аяқталады деген жоспарымыз бар. Ғарыш орталығының әлеуметтік кешенінде қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалады. Мұндай мүмкіндік ғарыш саласының дамуына серпін бемек.

Бұл – алдағы бірнеше жылға жоспарланған кең ауқымды жоба. Ал тек биылдың өзінде елордада инвестициялық 10 жобаны аяқтау көзделіп отыр. Бүгінде жиһаз фабрикасы, пластмасса бұйымдарын шығаратын кәсіпорын мен асфальт-бетон зауыты жұмыс істеп тұр.

Нұржан Әшімов, қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы:

– Өткен жылы капиталға түскен инвестициялық қаржы көлемі ең максималдық деңгейіне қол жеткізілді. Ол 956 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда, 4,2 пайызға көп. Биылғы жылы капиталға жиналған қаржы көлемі 1 трлн теңгеге жетеді. Қазір 10 ай бойынша 767 млрд теңге тартылған.

Айта кетейік, 20 жыл ішінде елордаға инвестициядан бөлек, мемлекет есебінен 2 трлн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Салық түсімі 6 триллионға жуықтаған. Осы жылдар ішінде 8 триллион теңге инвестиция салынды. Елбасы тапсырмасына сәйкес, бизнес ахуалды жақсарту, оңтайландыру, әкімшілік кедергілерді жою жұмыстары басымдыққа ие. Ал әкімдік жанынан құрылып, бір терезе қағидатымен жұмыс істейтін серіктестік әлеуеті жоғары бизнес иелерін қолдауға қашан да әзір.

Рамазан Айдан, серіктестік өкілі:

– Биыл құны 85 млрд болатын 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның үшеуін атап өтейін. Олар – ғарыш орталығының әлеуметтік кешені, тепловоз құрастыру зауыты және көліктік логистикалық орталық. Дәл осы үш жобаның инвесторлары ең танымал бизнес иелері ретінде Forbes Global 2000 рейтингіне енген.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

– Астанада көп ұзамай инвестициялық қаржыға сәулеті таңдай қақтырарлық тағы бірнеше ғимарат салынады. Ал «Нұрлы жол» желек жолы жабылып, ішіне жылу тартылып, қыста да еркін қыдыруға жағдай жасалады. Ал бүгінгі күні құрылысы қызу жүріп жатқан көпсалалы Абу-Даби Плаза кешені мен жеңіл рельсті көліктік желісін аяқтау 2020 жылға жоспарланған.

Хабар 24 телеарнасы