389,71 430,40 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қытайдың ірі компаниялары ШҚО-да құс фабрикасын салуға ниетті

  • 1163
  • UPD: 22:27, 26.11.2018

Шығыс Қазақстан облысы мен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданы арасындағы экономикалық байланыс жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті болашақта Тачен – Аягөз бағытында теміржол салынуы мүмкін. Қазір көршілес аймақ біздің елдің ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алуға ынталы болып отыр. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бастаған топ Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар келіссөз жүргізіп қайтты.

Соңғы төрт жыл ішінде Шығыс Қазақстан мен Шыңжаң-Ұйғыр автономиясы басшылығы арасында әртүрлі деңгейдегі 15 кездесу өтті. Бұл жолы да кездесу нәтижелі болды. Көршілес аймақ басшылары тек экономика ғана емес, білім мен денсаулық саласы бойынша да әріптестікті арттыру мәселесін талқылады. Қазақстан – транзиттік аймақ. Сондықтан Қытайдың Тэчен қаласы мен Аягөз аралығында теміржол салудың жай-жапсары қарастырылды.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

– Біз бірге теміржол салсақ, Достық пен Алакөл станциясына өтеді. Осы мәселелерді зерттеу керек.

Өңір басшылары арасында талқыланған ұсыныс-пікірлерді нақты зерттеу үшін екі мемлекет аралығында аймақтық дәрежеде жұмыс тобы құрылмақ. Қытай – алып нарық. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өнімдерін алуға аса ынталы.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

– Біз қазір аз уақыттың ішінде Өскемен қаласында зертхана салуды бітіреміз. Содан кейін Қытай жақтан құрал заттарды әкеліп, барлық аграралық өнімдеріміздің Қытай стандартына сәйкесін білеміз.

Көрші мемлекеттің шекаралас аймағындағы ірі компаниялар Шығыс Қазақстандағы Үржар ауданына ірі құс фабрикасын салуға ниетті. Бұл жобаны да екі жақтың жұмыс тобы саралайтын болады. Облыс әкімі жұмыс сапары кезінде Үрімжі қаласындағы бірқатар өндірістік нысанда болды. Аймақ басшысы сапар кезінде жүргізілген келіссөздер бойынша әрбір басқармаға нақты жобалар дайындауды тапсырды.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин, Роман Родионов

Хабар 24 телеарнасы