384,06 431.46 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ляньюньган портының терминалында ШЫҰ-ның логистикалық аймағы құрылады

  • 463
  • UPD: 17:32, 29.11.2018
Ляньюньган портының терминалында ШЫҰ-ның логистикалық аймағы құрылады

Қазақстан территориясы арқылы өтетін «Ляньюньган-Ыстамбұл» бағытындағы жүк пойызы жолға шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Механикалық құрал жабдықтар, электроника және тұрмыстық бұйымдар Транскаспий дәлізімен Түркияға жеткізіледі. Бұл бағыт Каспийдегі порттардың жұмысын одан әрі жандандырады. Демек «Нұрлы жол» экономикалық бағдарламасы мен «Бір білдеу, бір жол» бастамасының аясындағы көліктік-логистикалық инфрақұрылымды жетілдіру, тасымал құнын арзандату сияқты стратегиялық жоспарға сай жүзеге асып жатыр.

Ұлы Жібек жолының маңызды бөлігі саналатын халықаралық Транскаспий дәлізін дамытуға Қазақстан, Қытай, Грузия, Әзербайжан және Түркия елдері мүдделі. Жүкті Еуропа мен Қара теңізге осы бағыт арқылы жөнелтудің тиімділігі көп. Оның үстіне Транскаспий бағыты арқылы тауар тасымалдауға Қытайдың көптеген компаниясы қызығушылық танытып отыр.

«Ляньюньган-Ыстамбұл» бағытындағы пойыз 2015 жылы іске қосылды. Бірақ жиі қатынаған жоқ. Транскаспий дәлізін дамыту үшін келесі айдан бастап апта сайын жолға шығуды жоспарлап отыр. Жалпы Қытайдың Ляньюньган порты – әлемдегі ең ірі айлақтардың бірі. Сары теңіз жағасындағы жаһандық стратегиялық маңызы бар нысан. Азия мен Еуропаны жалғайтын құрлықаралық көлік дәлізі осы жерде. 2014 жылы мұнда халықаралық Қазақстан-Қытай логистикалық терминалы ашылды.

Әлемнің әр түкпірінен келген мыңдаған контейнердің ішінде бізге таныс белгісі бар Қазақстан контейнерін де көруге болады. Мұның ішіндегі тауарлар әрі кеткенде бір аптада еліміздегі дүкендердің сөрелерінде тұрады. Немесе одан әрі солтүстік, оңтүстік, батыс бағытына да жөнелтілуі мүмкін. Олардың қайда баратынын осында жұмыс істейтін қазақстандықтар біледі.

Дархан Есенғұлов қазақ-қытай терминалы ашылғалы бері Ляньюньганда жүр. Ол жылдан жылға еліміздің экспорты артып келе жатқанына куәмін дейді. Мәселен, биыл жалпы көлемі 30 мың тонна алтын дәнді Хошимин порты қабылдап алды. Жыл соңына дейін 50 мың тоннаға жеткіземіз дейді. Мына контейнердегі отандық астық көп ұзамай Вьетнамға жөнелтіледі. Келешекте Малайзия, Индонезия, Жапония нарығына шығу жоспарда.

Дархан Есенғұлов, халықаралық тасымал департаментінің директоры:

– Австралия, Канада, Американың астықтары оңтүстік-шығыс Азия елдерінің порттарына келіп жатыр. Ол жақпен салыстырғанда, біздің астықтың бағасы арзандау, сапасы жақсы. Бірақ олар теңізбен тасымалдағандықтан, арзан болғанымен уақыты ұзақ. Мысалы, Австралиядан астық 30 күнде келсе, біздің астық Қазақстаннан шыққан 20 күннің ішінде Вьетнам порттарына жетеді.

Оның үстіне Қытай тарапы Ляньюньган портынан тасымалданатын бидайға субсидия беріп жатыр. Сондықтан әзірге Вьетнам жұртшылығын қазақ жерінде өсірілген алтын дәннің дәмі мен құнарына үйрету керек.

Қазақ-қытай халықаралық Ляньюньган компаниясының басшысы Лю Бин өзінің жоспарларымен де бөлісті. Оның айтуынша, Ляньюньган портының терминалында Шанхай ынтымақтастығы ұйымының логистикалық аймағы құрылады. Жоба бойынша мұнда контейнерлерді өңдеу, кедендік құжаттарды рәсімдеу, қойма және ірі жүктердің сауда орындары ашылады. 

Нұрбек Бекен, twitter@NurBekenov

– Біз қазір аумағы 20 гектар жерді алып жатқан логистикалық базада тұрмыз. Осы жерге әлемнің көптеген елінен жүктер жеткізіледі. Контейнерлер алдымен теміржол платформасына түсіріледі, одан әрі Қытай, Қазақстан территориясы арқылы Еуропаға тасымалданады.

Авторы: Нұрбек Бекен

Хабар 24 телеарнасы