378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Банкке кеткен негізсіз комиссияны қайтарып алудың жолы бар ма?

  • 539
  • UPD: 14:31, 19.12.2018

Биыл 10 айда еліміздегі бірінші инстанциядағы соттарда қаралған азаматтық істің 42% банк дауларына қатысты болды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, соңғы уақытта несие алғандар мен қаржы орталықтарының арасында кикілжің көбейген. Нақтырақ айтсақ, қарыз алушылар екінші деңгейлі банктерді несие үстінен негізсіз комиссия алды деп сотқа сүйрей бастады. Оның үстіне әлеуметтік желілерде банкке кеткен есеңді қайтарып беремін деген жарнама да көбейді.

Несиені рәсімдеген кезде банк қызметкері сіздің қолыңызға бір бума қағаз ұстатады. Оның ішінде қос тараптың міндеттері бүге-шүгесіне дейін жазылған. Не де болса, ақшаны алуға асыққан азамат құжатты зер салып оқымастан аты-жөні жазылған жерге қолын қойып береді. Осылайша, өз еркімен банктің дегеніне көніп, артық комиссияларды төлеуге келісім бергенін байқамай қалады. Міне, даудың басы осы жерден басталады.

Сондай несие шартына көз жұмып қол қойғандардың бірі - Зайв Жансая. 2014 жылы несиеге автокөлік алған. Үш жылдың ішінде одан толық құтылады. Бірақ кейін банктердің артық комиссия алғаны туралы ақпаратты естіген соң заңгердің көмегіне жүгініпті.

Жансая Зайв, қала тұрғыны:

Келіп хабарластым. Есептеттім қағаздарымды. Сөйтіп, алған банкті қайтадан сотқа бердік. 150 мың теңге ақшаны өндіріп алдым. Бұл әрине, қарапайым халық үшін, біздер үшін, көпбалалы ана үшін әжептеуір ақша.

Жансаяның жағдайын естігеннен кейін біз де заңгер іздедік. Сөйтсек, желіде банкке кеткен есеңді қайтарып берем деген жарнама өріп жүр. Қайсысына сенеріңді білмейсің. Көбі еңбегінің ақысын алдын ала сұрайды. Арасында аляқтардың болуы да ғажап емес. Сондықтан сақ болған абзал. Не керек заңгер таптық, екінші деңгейлі банктердің әрекетінің ережеге сәйкестігін сұрадық.

Кристина Шихалева, заңгер:

Займның ішінде қарызға кызмет көрсеткені үшін комисся болады. Ол комисся заңға қарсы. Негізінде ол комиссияның аттары да көп, қарызға қызмет көрсеткені үшін комиссясы. КВСС және КОК үш түрі болады. Үшеуі де заңға қарсы. Қарызға қызмет көрсеткені үшін. Бірақ банк ешқандай қызмет көрсетпейді ғой. Адам әр ай сайын келіп ақшаны жібереді. Ешқандай қызмет көрсетпейді банк. Сол үшін ол комиссия болмауы керек.

Жоғарыдағы заң қызметкері бүгінге дейін сотта осындай 300 істі жеңіп шықанын айтады. Тағы жүзден астамын сот қарап жатыр. Несие дауына қатысты істің тым көбейіп кеткенін Жоғарғы соттың судьялары да назарға алған. Тіпті халықаралық бұқаралық кеңес тақырыбына қосып, арнайы ұсыныс дайындапты.

Ақылтай Қасымов, ҚР Жоғарғы сотының судясы:

- Бірінші шарттың түрін ашық түрде жасау керек. Шарттарды біз қарап отырсақ, неше түрлі түсініксіз, неше түрлы оқи алмайтын кішкентай шрифпен жазған көз шаршайтын шарттардың пунктері бар. Біз оны оқымаймыз, қарамаймыз. Ал соның бәрін оқып қарап жатса, мүмкін азаматтар айтар еді. «Мынау маған жарамайды» деп. Екіншіден, мынадай қулыққа жол береді. Қысқаша ғана шарт жасайды. Сосын шарттың пунктерінде айтады. Мәселе туындап қалған кезде бұл жауапкершілігіңіз біздің арамыздағы әңгіме сондай бір басқа құжаттарда. Осы мәселені бақылайтын да, зерттейтін де Ұлттық банк.

Ал Ұлттық банк өкілдерінің бұл мәселеге қатысты өз уәжі бар. Олардың айтуынша, несиеге байланысты ұсталатын комиссияның барлығы заңмен белгіленген. Дегенмен, екінші деңгейдегі әрбір банк жеке азаматпен келісімшарт жасасқанда Ұлттық банктің талаптарын орындай отырып, ішкі ұстанымдарына байланысты өз ережелерін қосуға да құқылы.

Раушан Бірмағанбетова, ҚР ҰБ Орталық филиалының бас маманы:

- Банк туралы заңға сәйкес қаржы орталықтары жеке есепшот ашып, оны жүргізгені үшін комиссия алуға құқылы. Алайда бухгалтерлік есептің позицияларын көрсететін қосалқы шот банк шоты болып саналмайды. Сондықтан екінші деңгейдегі банктер мұндай шотты ашып жүргізгені үшін комиссия ұстамауы тиіс.

Заңгерлердің айтуынша, банк пен несие алушы арасындағы келісімшартта қос тарапттың мүддесі теңдей қорғалмаған. Яғни банкке үстемдік берілген. Сондықтан кез келген құжатқа қол қоярда өз құқығыңызды біліп, әр сөзге мән берген абзал.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Әділғазы Төлеміс, Аят Дүйсенбаев

Хабар 24 телеарнасы