378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тауарлардың таңбалануы бағаға әсер етпеуі тиіс - Нұрлан Нығматулин

  • 271
  • UPD: 15:31, 19.12.2018
Тауарлардың таңбалануы бағаға әсер етпеуі тиіс - Нұрлан Нығматулин

Келер жылдан бастап елімізде тері өнімдерін таңбалау ісі толықтай қолданысқа енеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені өз тиімділігін дәлелдеді. Енді темекі бұйымдарын таңбалау сынақтан өтіп жатыр. Алдағы уақытта бұл тізімге дәрілік заттар қосылуы мүмкін. Бүгін Мәжіліс депутаттары Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жөніндегі келісімді ратификациялады. Ондағы мақсат - тауарлар айналымының заңдылығын қамтамасыз ету тұтынушылардың құқығын қорғау мен көлеңкелі экономиканы азайту, сондай-ақ бюджетке салықтардың түсімін арттыру. Келісім бойынша кедендік одақ аумағына әкелінген және одақ аумағында өндірілген тауарларды таңбалау міндетті. Бұл ретте тауарларды кедендік Одақ аумағынан тысқары жерлерде де таңбалауға рұқсат етіледі. Мәжіліс спикері ең алдымен дәрілік заттардың құнына байланысты халық мүддесін ескеру керектігін баса атап өтті.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы:

Бүгінде барлық дамыған елдер дәрілік заттарын таңбалайды. Біз де осы ағымнан тыс қалмауымыз керек. Халық дәріханалар мен ауруханаларда жоғары сапалы дәрілер қолданатынына толық сенімді болу қажет. Сонымен бірге біздің дәрілік заттарды өндірушілер, дәріханалар мен ауруханаларға қажетті жабдықты сатып алу үшін мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін мұқият зерделеуі өте маңызды деп санаймын. Таңбалауды енгізу дәрі-дәрмек бағасының артуына әсерін тигізбеуі керек. Бұл тұрғындар үшін өте маңызды мәселе.

Хабар 24 телеарнасы