389,98 432,20 6.09
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Таңбалау тауар айналымының заңдылығын қамтамасыз етуді көздейді

  • 708
  • UPD: 20:07, 19.12.2018

Келер жылдан бастап елімізде тері өнімдерін таңбалау ісі толықтай қолданысқа енеді. Сонымен қатар алдағы уақытта таңбалау міндеті жүктелетін тізімге темекі бұйымдары мен дәрілік заттар да қосылуы мүмкін.

Парламент Мәжілісінің депутаттары Еуразиялық Экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау жөніндегі келісімді ратификациялады. Жалпы тауарларды таңбалау ісі қалай жүзеге асады? Және оның тиімділігі неде? 

Тауар айналымының заңдылығын қамтамасыз ету, тұтынушылардың құқығын қорғау мен көлеңкелі экономиканы азайту, сондай-ақ салық түсімін арттыру. Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралымен таңбалау жөніндегі келісімнің негізгі мақсаты осы. Тері бұйымдарына жүргізілген пилоттық жоба үмітті ақтаған. Яғни салықтан жалтарып, көлеңкелі бизнеспен айналысып жүрген кәсіпкерлердің жолы байланды. Өйткені таңбалау жүйесі айналымдағы тауардың барлығын жарыққа шығарады. Бір жылдың өзіндегі нәтиже мынадай екен.

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:

- Декларация рәсімдеген импорттаушылардың саны 23 процентке өсті. Олардың төлеген кеден БАЖ-дардың көлемі 70 процентке өсті. Ішкі салықтардың көлемі осы тері бұйымдарының сатылуымен 1,5 есеге өсті. Кейбір салық төлеушілер өздерінің табыстарын төмендетіп, салық төлеуден қашатын болған. Енді осы пилоттық жобаның нәтижесінде патентпен жұмыс істейтін салық төлеушілердің саны 6 есеге азайды. Бұл дегеніңіз СНР жеңілдетілген режимнен жалпы режимге көшті. Яғни табыстарын көрстепі, тиісті салық төлейтін болды.  

Тері бұйымдарын таңбалау келер жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде тегіс енгізілуі мүмкін. Қазір темекі бұйымдарын таңбалау ісі де сынақтан өтіп жатыр. Ол да жөн. Ал таңабалайтын құрылғылар келешекте кәсіпкерлерге пайызы төмендетілген несиемен беріледі.

Бірақ депутаттарды толғандырған мәселенің бірі дәрілік заттардың таңбалануы болды. 

Зәуре Аманжолова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде тауарларды таңбалау туралы шешімді одақтың комиссиясы қабылдайтыны белгілі. Бірақ осы одаққа мүше мемлекеттер өздері ұсыныс жасайды. Осы тізімде қандай тауарлар бар. Қазақстан тарапынан қай тауарды таңбалауға ұсыныс жасалды? Әсіресе дәрілік заттарды таңбалауға қатысты қандай да бір бастама көтерілді ме?  

Әлихан Смайылов, ҚР Қаржы министрі:

- Әзірге Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің барлығында бірдей таңбалануы тиіс тауар жоқ. Соның ең алғашқысы осы тері өнімдері болады деп жоспарлап отырмыз. Ал дәрілік бұйымдарға қатысты  дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Егер ол пилоттық жобада тиімділігін көрсетсе, 2021 жылы толықтай қолданысқа енуі мүмкін.

Осы ретте Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл жағдайда ең алдымен дәрілік заттардың құнына байланысты халықтың мүддесін ескеру қажеттігін ерекше атап өтті. 

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Бүгінде барлық дамыған елдер дәрілік заттарын таңбалайды. Біз де осы ағымнан тыс қалмауымыз керек. Халық дәріханалар мен ауруханаларда жоғары сапалы препараттар қолданатынына толық сенімді болу қажет. Сонымен бірге, біздің дәрілік заттарды өндірушілердің мемлекеттік қолдау көрсету мәселелерін мұқият зерделеуі өте маңызды деп санаймын. Таңбалауды енгізу дәрі-дәрмек бағасының артуына әсерін тигізбеуі керек. Бұл тұрғындар үшін өте өзекті мәселе. 

Жалпы ЕАЭО-да тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау мәселесі мәжілісте барлық фракция депутаттарының қатысуымен қызу талқыға түсті. Нәтижесінде халық қалаулылары оның қажеттілігі туралы тоқтамға келіп, заң жобасын мақұлдады.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожаев

Хабар 24 телеарнасы