378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Француз компаниялары елімізбен әріптестікті жалғастыруды көздейді

  • 238
  • UPD: 23:37, 19.12.2018

Француз компаниялары биыл Қазақстанның экономикасына жарты миллиард еуро инвестиция құйған. Стратегиялық маңызды серіктес әріптестікті одан әрі жалғастыруды көздейді. Бұл туралы мемлекет басшыларының Брюссельдегі кездесуінде тілге тиек етілген болатын.

Басқосуда бірқатар саладағы ынтымақтастықты нығайту жолдары да талқыланған еді. Басымдыққа ие салалар қатарында, ауыл шаруашылығы, сандық технологиялар мен баламалы энергетика саласы бар.

Қазақстандық дипломаттар аймақаралық деңгейдегі әріптестікті нығайтуға атсалысады. Мәселен, Ренн қаласы мэрінің жеке кабинетінде француз-қазақ бизнес-форумын ұйымдастыру мәселесі қаралып жатыр. Ал мынау халықаралық сауда орталығында нәтижелі өткен кездесудің көріністері. Дипломаттар француздың Бретань аймағының кәсіпкерлеріне қазақ компанияларымен әріптестік орнатудың тиімділігін түсіндірді.

Венсан Шамаре, Бретань аймағы халықаралық сауда орталығының бас директоры:

- Елдеріңіздегі қазіргі жағдайды саралап, ауылшаруашылық саласында әріптестік орнатқымыз келетінін түсіндік. Бретань осы салаға ден берген аймақ. Нақтырақ айтқанда, мал шаруашылығы, тұқымды асылдандыру, азық-түлік өнімдерін өндіруге қатысты жобалардың іске асуы жолға қойылған.

Жалпы жиыннан кейін, француз бизнемендерімен жеке-жеке кездесулер өтті. Ең ірі деген 10 компанияның өкілдері өз бизнес ұсыныстарын таныстырды. Әрі Қазақстанда кәсіп жүргізудің қыр-сырына қанық болды.

Жан Ғалиев, ҚР Франциядағы Төтенше және өкілетті Елшісі:

- Француз компаниялары жай ғана мәлімет алып қана қоймай, Қазақстанға инвестиция құюға әзірлігін білдірді. Яғни, жаңа технологияларымен бөлісіп, әріптестіктің барлық кезеңінде жәрдемдесуге дайын. Бұл өте маңызды. Осылайша, стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа тарауы басталды деуге толық негіз бар. Мұндағы біздің басты міндетіміз - сенімді серіктестерді табу.

Аймақтық деңгейде жүргізілген жұмыстың нәтижесінде әріптестерді табу қиынға соқпады. Сондықтан, келер жылы Ренн қаласында қазақ-француз бизнес-форумын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Шара ауыл шаруашылығы мен агроөнеркәсіптің жаңа технологиялары тақырыбына арналмақ. Ал француздың азық-түлік өндірушілері форумнан кейін Қазақстанға сапар шегіп, отандық компаниялармен жақынырақ танысуға ниеттеніп отыр.

Авторы: Алия Сыздыкова

Хабар 24 телеарнасы