378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2018 жыл еліміздің экономикасы үшін табысты болды

  • 836
  • UPD: 20:38, 31.12.2018

2018 еліміздің экономикасы үшін жемісті жыл болды. Шикізатқа тәуелділікті азайтып, өңдеу өнеркәсібін ширататын жаңа кәсіпорындардың қатары артты.

Заманыңа амалың сай болсын. Президенттің тапсырғаны осы. Үкіметке уақыт талабына икемделе алатын, шағын және орта кәсіпорындарды үлесін арттыруды жүктеді. Жоғарыда айттық, нәтиже бар. Енді жаңа жылдан не күтеміз? 

Қазақстан экономикасының нақты көрсеткіштері келер жылдың алғашқы тоқсанында белгілі болады. Алайда алдын ала болжам бойынша биылғы жалпы ішкі өнім өсімі 4 пайызды құрады. Ал инфляция 5 пен 7 процент аралығында тіркелді. Бұл Ұлттық банк жоспарына сай көрсеткіш. Демек, жағдай тұрақты. Енді сарапшылар 2019 жылдан да осындай нәтиже күтеді.

Мадияр Кенжеболат, Макроэкономикалық зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері:

- Қазақстан шағын әрі ашық экономикасы бар мемлекет. Сондықтан оған сыртқы жағдайлар көп әсер етеді. Мәселен, АҚШ тарапынан жасалатын Ресейге қарсы санкциялар күшейе ме?! Осы сұрақ бізді де алаңдатады. Оған қоса сауда соғысы қашан аяқталады?! Бұл да біз үшін маңызды фактор. 

Қазақстан экономикасында мұнай өндіруші және тау-кен металлургиялық сектор жұмысы жетекші орында қала береді. Сарапшылар бұл салада тиімділік артады деген сенімде. Яғни әлемдік нарықтағы шикізат бағалары тұрақты болса, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі ұлғая түседі.

Сергей Домнин, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы ӘЭСИ бағдарлама жетекшісі:

- Келер жылы тұтынушылық сұраныс қалыпты деңгейде болса, машина құрастыру саласы алға жылжиды. Себебі бұл сектор жұмысы экономикалық ауытқулар туындаған жағдайда қиындай түседі. Алайда теңге бағамы нығайса, отандық өндірушілердің кәсібі өркендейді. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы жетекші салалардың бірі болып қала береді. Қараша айында онда 2,9 проценттік өсім байқалды. Көрсеткіш аса жоғары емес. Дегенмен, мал шаруашылығын дамытуға қолайлы жағдай жасалып отыр. Соған сәйкес келер жылы салада өсім болады.

Енді теңге бағамына келсек, төл валютамыздың келер жылы қандай күй кешетіні белгісіз. Мұнай бағасының жиі құбылуы ұзақ мерзімді болжам жасауға кедергі. Сондықтан үкімет бірнеше жоспар түзіп, қара алтын құны 35 долларға дейін төмендеген жағдайға да сақадай сай отыр. Еуропалық қайта құру және даму банкінің болжамдарына сүйенсек, алдағы жылы әлемнің 36 мемлекетінде экономикалық өсім 3 пайыздан кем болмайды. Сол тізімде Қазақстан да бар.

Авторлары: Елена Шрайбер, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы