384,77 427,95 6.05
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстандықтардың өз ісін ілгерілетіп, кәсібін кеңейтуіне мүмкіндігі артады

  • 649
  • UPD: 00:45, 09.01.2019

Биыл «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобаларды субсидиялауға қосымша 30 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал оның қатысушылары халық тұтынатын тауар түрлерін көптеп шығаруға міндеттеледі.

Елордадағы бұл өндіріс ошағында осыдан 5 жыл бұрын бар болғаны 20 адам еңбек етті. Қазір олардың саны бірнеше есе көбейіп, шығарылатын тауар түрлері артқан. Арнайы киімдер, мектеп формасы, тоқыма бұйымдары тізе берсек, ұзын сонар.

Айнұр Ыбырайымова, компания менеджері:

Бізді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры қаржыландырды. Несиелік қаражат көлемі 255 миллион теңгені құрады. Бұл ақша «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан өндіріс орнының құрылысына жұмсалды. Өндірістік қуатымыз 2 миллион дана бұйым шығаруға жеткілікті. Өнімдеріміз сыртқа нарыққа да жіберіледі. Былтыр бір парасын Ресей мен Италияға жөнелттік.

Қазақстандықтардың өз ісін ілгерілетіп, кәсібін кеңейтуіне енді мүмкіндігі артады. Себебі, Президент жолдауында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын ұзарту жөнінде тапсырма берілді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан республикасының Президенті:

- Бағдарламаның қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керек. Осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді қарастыру қажет. Бұл 3 жыл ішінде қосымша кемінде 22 мың жаңа жұмыс орнын ашуға, 224 миллиард теңге салық түсіруге және 3 триллион теңгенің өнімін өндіруге мүмкіндік береді.

Биыл халық тұтынатын тауар түрлерін көптеп шығаруға басымдық беріліп отыр. Сол арқылы отандық киім-кешек қана емес, ыдыс-аяқ, тұрмыстық жабдық және азық-түлік өндірісі өркендеуі тиіс.

Абзал Әбдікәрімов, ҚР ҰЭК департаментінің директоры:

2019 жылы осы мемлекеттік бағдарламаға 69 млрд теңге қарастырылған. Оның 30 миллиарды Мемлекет басшысының Жолдауында қарастырылған қосымша берілген. Бұл «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы пайыздық мөлшерлемені төмендету мақсатында субсидиялауға бағытталады. 600 млрд теңге қарапайым заттарға бағытталған ұзақмерзімді кредиттерге бөлінді.

Президент Жолдауы аясында бизнесті әкімшілік кедергілерден қорғау да көзделген. Осы мақсатта елдегі 90 мың шағын және орта бизнес субъектісі салықтық рақымшылыққа ілінеді. Дәлірек айтқанда, өсімпұлдары мен айыппұлдары жойылып, жыл аяғына дейін тек негізгі қарызды өтеуіне жағдай жасалады.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Индира Тегжанова, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы