375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында электр қуатына тапшылық жойылады

  • 362
  • UPD: 00:13, 09.01.2019

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы «жасыл» энергетиканы дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ауданда жел, күн және су электр станциялары көптеп салынуда. Әзірге олар өндіретін электр қуатының жалпы жиынтығы 16 мегаваттан сәл-ақ асады.

Таяу жылдары оны 300 мегаватқа жеткізу жоспарда. Бұл тек ауданның ғана емес, сонымен бірге облыстың электр қуатына деген сұранысын қанағаттандыруға едәуір сеп. Өңірдегі тілшіміз Тілеуқабыл Мыңжасардың репортажы.

Мынау алып бағаналардың биіктігі 85 метр. Былтырғы қарашада осындай қондырғының екеуі үнемі жел соғып тұратын Шелек дәлізіне қойылған. Әрқайсысы 2 мегаваттан астам электр қуатын өндіреді. Бұлардан шамалы кішілеу 7 қондырғы жұмыс істеп тұр. Келешекте олардың қатарына тағы бірнешеуі қосылады. Ауданда бұларға балама болатын тағы 4 су электр станциясы бар. 

Досым Қазыбаев, бас инженер:

- Біздегі су электр станцияларының алдына бөгет қойылмаған. Энергияны судың әдеттегі ағысының өзінен ала береміз. Олардың екеуі 28 миллион киловатт-сағат электр қуатын өндірсе, шағын көлемдегі тағы екеуі 7 миллион киловатт-сағат электр қуатын береді.

Қазір Есік өзенінің бойында тағы бір ГЭС салынуда. Шелек өзенінде де су электр станциясының құрылыс жұмыстары қолға алынбақ.

Нұрболат Серғали, Еңбекшіқазақ ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:

- 2019 жылы біздің ауданда ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Ол Сөгеті ауылдық округінде. 200 мегаваттық күн электр станциясын салу. Енді Алла қаласа, осы 2019 жылдың көктемінен бастап құрылыс жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.

Жетісу өңірі 3 миллиард киловатт-сағаттан астам электр қуатын пайдаланады. Оның 40% жуығы өзге аймақтардан сатып алынады. Сондықтан тапшылықты жоюдың төте жолы – «жасыл» энергетикаға басымдық беру. 2025 жылға дейін өңірде жел электр станцияларының нысандары 84-ке жетеді.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы