378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысындағы жиһаз зауыты 2,5 млрд теңгенің өнімін шығарған

  • 357
  • UPD: 22:11, 15.01.2019

Бүгінге дейін Түркістан облысында 533 гектар жерге 9 индустриалды аймақ құрылған. Оның  7 аймағына инфрақұрылым жүргізілді. Бүгінде бұл аумақта құны 78 млрд теңгенің 61 жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Ал Түркістандағы индустриалды аймақта 14 жоба қолға алынып, алтауы іске қосылды. Ондағы жиһаз зауыты 2018 жылы 2 жарым млрд теңгенің өнімін өндірген. 

Түркістандық Атабек Файзуллаұлы бұл кәсіпорында 2 жылдан бері жұмыс істейді. Бұрын базарда сауда-саттықпен айналысқан жас жігіт зауыттағы жұмысына дән риза. «Өз кәсібіңді сүйсең еш қиындығы жоқ» дейді.

Атабек Мұсұратуллаев, жұмысшы:                 

- Істеп жатқан жұмысым мына детальдің жиегін жапсырамыз. Сапасына қараймыз егер дұрыс жапсырылмаса, алып тастап қайта жасырамыз. Істеп жатқан жұмысым өзіме ұнайды. Қиын емес. Айлығымыз уақытында беріледі. Күніне бір рет ыстық тамақ береді.

Жиһаз цехы 2006 жылы құрылған. Кейін 2016 жылы Түркістан қаланың әкімдігі кәсібін кеңейту үшін кәсіпорынға индустриалды аймақтан 1 гектар жер беріпті. Зауыт 2017 жылы 72 адаммен 1-өндірістік цехты іске қосқан. Қазір кәсіпорын кеңейіп, 145 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Тек бір әттеген-айы елімізде орман-тоғай аз болғандықтан зауыт жиһаз өндірісіне қажетті шикізаттың 87 пайызын Ресей мен Беларусь елінен алады. Ал желім, ламинаттың 10-12 пайызын Қытайдан тасиды. Сол себепті отандық өнімнің үлесін көбейте алмай отыр екен. Бірақ соған қарамастан кәсіпорын 2018 жылы 2,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, шығарылатын жиһаз түрін көбейткен.  

Камал Юлдашев, кәсіпорын басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күні 200-ден астам әртүрлі жиһаз шығарамыз. Оның ішінде жатын бөлмесіне арналған төсектің 20 шақты түрін шығарамыз. Ас үй жиһазы, балалар төсегін, прихошка, түрлі шкафтар, ас үй столдарын, жаздық столдарын шығарып жатырмыз.                             

Сапасы Италия мен түріктің жиһазынан кем түспейтін отандық өнімге сұраныс көп. Еліміздің барлық аймағына жөнелтіліп жатыр. Заманауи технологиямен жабдықталған зауыт дайын өнімді экспортқа шығаруды да ойластырып, көрші Өзбекстанмен келісім-шарт жасасқан.                                                                     

Түркістан индустриалды аймағы 2013 жылы қала әкімінің қаулысымен құрылған. 40 гектар жерге 1 млрд теңге қаржы бөлініп, инфрақұрылым тартылған. Бұдан 5 жыл бұрын бұл жер жазық дала болса, қазір мұнда 14 жоба орналасып, алтауы жұмыс істеп тұр. Былтыр олар 3,5 млрд теңгенің өнімін өндіріпті.  

Абылайхан Садықов, қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің бас маманы:                                           

- Бұдан бөлек, индустриалды аймақты дамыту мақсатында 200 гектар жер телімі қала әкімінің қаулысымен бөлінді. Оған инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге қазіргі таңда жобалау сметалық құжаттамалары әзірленуде. Бес жаңа жоба іске қсоылғанда біз мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын боламыз.                                                                       

Жандос Жұмабек, тілші:                                                                 

- Айта кетейік, елімізде 2010 жылдан бері жүзеге аса бастаған индустрияландыру картасының алғашқы бес жылдығында Түркістан облысында 7,7 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін 115 жоба іске қосылды. Ал екінші бесжылдық аясында, яғни 2015-2019 жылдары құны 1,2 трлн теңге болатын 135 жоба жүзеге асырылуда. Бұл 18 мыңнан астам адам жаңа жұмыс орнымен қамтылады деген сөз.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы