378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ұлыбританияда қазақстандық энергетика және инфрақұрылым секторының дамуы талқыланды

  • 292
  • UPD: 17:12, 18.01.2019

Қазақстандық энергетика және инфрақұрылым секторының дамуы Лондонда әңгіме өзегіне айналды.

Сонымен қатар британиялық бизнес-қауымдастық өкілдеріне еліміздегі жекешелендіру бағдарламасы мен инвестициялық климат туралы да баяндалды.

Бизнес-нетворкингтің басты қонағы – Кэмпбелл Кейр. Ол – Ұлыбритания халықаралық сауда министрлігі энергетика және инфрақұрылым мәселелері бойынша департамент директорының орынбасары. Кейрдің біздің ел жайлы білетіні қөп. Өйткені ол бұрын «Шелл» компаниясының Қазақстандағы өкілдігінде еңбек еткен. Шараға британиялық қаржы және іскер топ өкілдері, Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілік қызметкерлері, сарапшылар және журналистер қатысты. Ұйымдастырушылар жиналғандарды Қазақстандағы бизнес ахуал туралы соңғы ақпараттармен қамтамасыз етуге тырысып бақты.

Дэвид Скилс, британ-қазақ қоғамының өкілі:

– Британ-қазақ қоғамы Қазақстан мен Британия арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін жұмыс жасайды. Мәдениет пен бизнес сияқты салаларды қамтимыз. Бүгінгі шара негізінен энергетикалық секторға бағытталып, аудиторияға мол мағлұмат бердік.

Айта кету керек, Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы сауда айналымы өткен жылдың алғашқы тоғыз айында шамамен 1 миллиард АҚШ долларына жеткен. Бұл 2017 жылдың дәл сондай кезеңімен салыстырғанда, 0,2 пайызға артық. Тікелей инвестициялардың да көлемі өсіп келеді. Мәселен, өткен жылдың алғашқы жарты жылында ғана Ұлыбритания Қазақстан экономикасына шамамен 300 млн АҚШ долларын құйған. Инвестициялардың басым көпшілігі еліміздің табиғи ресурстарымен байланысты. Бірақ сарапшылар Қазақстанның шикізаттық емес секторының да болашағы зор деп отыр.

Нодир Сидиков, «Fieldfisher LLP» заң компаниясының серіктесі:

– Бүгінгі таңда Қазақстан үкіметінің идеялары мен жоспарлары экономиканың өзге де секторларына инвестиция тартуға бағытталып келеді. Бұл өз кезегінде Еуропа, Ұлыбритания компанияларының қызығушылығын арттыруда.

Бұл күні сонымен қатар кешендік жоспарға сәйкес жекешелендіруге жататын және Самұрық-Қазына қорына тиесілі мүліктер де сөз болды. Сондай-ақ Қытайдың «Бір белдеу-бір жол» бастамасы аясында Қазақстанның инфрақұрылым құрудағы мүмкіндіктері де жиналғандарға жария етілді.

Авторлары: Ғалымжан Қараманұлы, Бейбіт Мәдиұлы

Хабар 24 телеарнасы