378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда іргесіндегі елді мекендердің дамуы қалай?

  • 329
  • UPD: 16:57, 18.01.2019

Ақмола облысының Целиноград ауданына былтыр 39 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – аймақ бойынша ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі. Ауданда бүгінде тұрғын-үй құрылысы жанданып, балабақшалар көбейіп келеді. Бұл туралы аудан әкімі Малғаждар Тәткеев Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді.

Дамир Берікұлы, twitter.com@damir130788

– Целиноград ауданындағы ең басты мәселелердің бірі әрі бірегейі бұл – елорда іргесіндегі елді мекендердің инфрақұрылымы. Себебі аталған ауылдар жыл санап емес, ай сайын дамып келеді. Халқының саны да күн санап өсіп барады. Сондықтан бірқатар проблема бар.

Мәселен, Талапкер, Қоянды, Қараөткел ауылдарында жол мәселесі әлі күнге дейін толық шешілмей келеді. Өткен жылы Талапкер ауылында 10 шақты шақырым ішкі жол жөнделген болатын. Алайда мұнымен іс бітпейді. Әйтеуір, бір қуантарлығы, Талапкер-Нұресіл-Ақмол бағытындағы төте жол жөнделіп, халық бұрынғыдай аудан орталығына Астана арқылы бармайтын болды. Енді ауылдықтарды қалған ішкі жолдар мен қоқыс шығару мәселесі алаңдатады.

Малғаждар Тәткеев, Целиноград ауданының әкімі:

– Қоқыс туралы айтатын болсақ, компаниялардың неге тез ауысатыны, бір жағынан адамдардың өздері көбі шартқа отырмайды. Бүгін қарасақ, 20-30 пайызы ғана тек қана шартқа отырады. Сондықтан төлемегеннен кейін жаңағы жекеменшік компаниялар өздері банкрот болып кетіп қалады, ауыстырылып отырады. Екіншіден, жол мәселесі бойынша қарастырылған қаражат 3 жылға бөлінген.

Астана іргесіндегі барлық ауылдардың тағы бір ортақ проблемасы – мектеп жетіспеушілігі. Қазір ауданда 45 мектеп бар. Олардың бірнешеуі бүгінде үш ауысымда жұмыс істеп жатыр. Бала саны шамадан тыс. Мәселен, бастауыш сыныптардың өзінен 10 шақты сынып бар.

Малғаждар Тәткеев, Целиноград ауданының әкімі:

– Мектептердің жүктемесін азайтып, үш ауысымдылықты жою үшін қазір Қажымұқан және Максимовка ауылдарында 300 орындық, Қояндыда 1200 орындық мектеп салынып жатыр. Сондай-ақ биыл Қосшы ауылында да 1200 орындық білім ошағының құрылысы басталады. Одан бөлек, бірнеше балабақша тұрғызылады. Осылайша, биыл білім нысандарын салуға 2,9 млрд теңге қарастырылып отыр.

Қазір Целиноград ауданында ресми дерек бойынша 79 мың халық тұрады. Алайда нақты тұратын адамдардың саны одан 2-3 есе көп. Бұл бір жағынан жақсы. Себебі халық көп жерде, бәсекелестік күшейеді, бизнес дамиды.

Дамир Берікұлы, twitter.com@damir130788

– Мәселен, қазірдің өзінде ауданда шағын және орта бизнес нысандарының саны 4 мыңға жақындаған. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 37 процентке көп.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы