378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Неміс компаниялары Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отыр

  • 450
  • UPD: 16:49, 18.01.2019
Неміс компаниялары Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отыр

Қазақстан мен Германия ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты талқылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Берлинде неміс бизнесмендері мен инвесторларының қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Қазақстан делегациясы неміс әріптестерін ауыл шаруашылығы саласындағы мүмкіндіктермен таныстырды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері осы саладағы басым бағыттар мен мемлекеттік қолдау және инвестициялық мүмкіндіктер жайлы айтып берді. Ал жиынға қатысқан Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айдарбек Сапаров аймақтың экспорттық әлеуетіне тоқталды. Қазір облыс бидайды терең өңдеу зауыт салғалы жатқанын айтып, неміс кәсіпкерлерін жобаға қатысуға шақырды. Ал неміс компанияларының өкілдері өз кезегінде Қазақстан нарығына қызығушылық танытып отырғанын және өз технологиясы және тәжірибесімен бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Пэр Бродерзен, неміс ауыл шаруашылығы одағының директоры:

– Кездесуде Қазақстанның ауылшаруашылық саласындағы мүмкіндіктерімен танысып, оны дамытуға қалай қатыса алатынымызды қарастырдық. Екі мемлекет арасында тығыз ынтымақтастық орнаған. Қазақстан – Германия үшін экспорттық әлеуеті жоғары маңызды нарық.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

– Кездесу жоғары деңгейде өтті. Отырыстан кейін жергілікті компания басшылары біздің облыста қандай жобаларды жүзеге асырғысы келетіндігімен бөлісті. Мысалы, құс фабрикасын салғысы келеді. Енді бір инвестор ағаш өңдеу ісін бастауды қалайды. Біз неміс әріптестерімізге барлық жағдайды жасауға дайынбыз.

Хабар 24 телеарнасы