375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

БҚО-да тауық етінің өндірісі 9 есеге артқан

  • 431
  • UPD: 21:38, 19.01.2019

Батыс Қазақстан облысындағы бройлер фабрикасы толық қуатына шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл кәсіпорынды 2017 жылдың желтоқсан айында жалпыұлттық телекөпір барысында Елбасының өзі ашқан болатын. Өткен жыл ішінде өңірде 7 200 тонна тауық еті өндірілді. Айта кетелік, облыс тұрғындары жылына 12 мың тонна құс етін тұтынады. Соның 25 процентін қазір бройлер фабрикасы жауып отыр. Оның сыртында Атырау, Ақтауға да жібереді. Осы кәсіпорынның ашылуымен облыста тауық етінің өндірісі 8,6 есеге өскен.

Бір жыл бұрын Жәрдем Сүндетов кәсібін өзгертіп, күзетшіліктен тауық етін өңдеушіге айналды. Жаңадан ашылған бройлер фабрикасынан осы Жәрдем сияқты жұмыс тапқандар көп.

Жәрдем Сүндетов, бройлер фабрикасының жұмысшысы:

– Бір күн істеп, бір күн демаламыз. Еңбекақымызды уақытында аламыз. Қызметшілерді жұмысқа жеткізетін автобустары бар. Тамақтарын береді.

Фабрикада 238 адам жұмыс істейді. Соның 70 проценті ауылдық жерлерден. Негізгі өндіріс орыны Зелёнов ауданындағы Щапов ауылында орналасқан. Мұнда бір маусымда 3 миллион балапан семіртіледі. 45 күнде бройлерлер 2,5 келіге дейін салмақ қосады. Сосын союға жіберіледі. «Ет сапасының басты кепілі – құнарлы азық», - дейді мамандар.

Генрих Бибило, технолог:

– Дәмі, жұмсақтығы жағынан біздікі Беларусьтікінен артық болмаса, кем емес. Оған басты себеп – Қазақстандағы қатты бидай мен жүгерінің сапасы жоғары. Ал ол елде азыққа жүгері қоспайды. Себебі бұл дақыл оларда тым қымбат.

Өңірде ет бағытында жұмыс істейтін 2 құс фабрикасы бар. Жүгері, арпа, бидай сияқты қажетті азықты жергілікті шаруалардан алады. Биыл кәсіпорын басшылығы 250 гектар суармалы жерге жүгері егуді жоспарлап отыр. Салқындатылған ет өнімдері сауда орындарына жіберіледі. Батысқазақстандықтар жылына 12 мың тонна тауық етін тұтынады екен. Бұрын соның бәрі Ресей, Беларусь, Украинадан жеткізілетін. Енді қазір бройлер фабрикасы сол сұраныстың 25 процентін жауып отыр.

Темірғали Ескендіров, кәсіпорын басшысы:

– 2019-2020 жылы тағы да екі есеге үлкейтуге жоспарлаймыз. Жоба банк арқылы қарастырылып жатыр. Сол өсіретін цех саламыз.

Жалпы өңірде азық-түлік өндірісі өріс алып келеді. Мысалы, өткен жылда ұн 24,5 процентке, ет 5 есеге көп өндірілген.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Руслан Газезов, Канат Махмутов

Хабар 24 телеарнасы