378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германиядағы ауылшаруашылық көрмесінде Қазақстанның павильоны ашылды

  • 275
  • UPD: 12:00, 20.01.2019

Германияда өтіп жатқан «Жасыл апта» халықаралық ауыл шаруашылығы көрмесінде қазақстандық павильон ашылды. Оны «Атамекен» ұлттық  кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. Оған 10 отандық компания тауарларын қойған. Жалпы ірі шараға әлемнің 65 мемлекеті қатысуда. 

«Жасыл апта» әлемдегі ең ежелгі көрменің бірі. Ол 1926 жылдан бері ұйымдастырлып келеді. Қазақстан беделді шараға биыл алғаш рет қатысып отыр. Ұйымдастырушылар «бұл жаңа әріптестерді тауып, елдің танымалдылығын арттыруға үлкен мүмкіндік», - дейді. Ал қонақтар «Грюхе Вохеге-ні» гастрономиялық жұмақ деп қарайды. Себебі дәл осы шарада түрлі елдің ұлттық тағамынан дәм татуға мүмкіндік туады. 

Михаэль Штюбген, Германия ауыл шаруашылығы министрлігінің парламенттік стат-хатшысы:

- Биыл көрмеге Қазақстанның қатысып отырғанына өте қуаныштымын. Бұл алдағы уақытта да жалғасын таба береді деп сенемін. Біздің тұрғындардың көбі сіздердің тауарларыңызды жақсы көреді. Өзім бүгін қызығып қымыздың дәмін татып көрдім. Өте ұнады. Жалпы Қазақстанның ауылшаруашылық әлеуеті зор. Біз осы саладағы ынтымақтастығымызды одан әрі жалғастыра беретін боламыз.

Болат Нүсіпов, ҚР-ның Германиядағы төтенше және өкілетті елшісі:

- Мұндай шараларға қатысу маңызды. Өйткені бұл алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді. Біріншіден, ауыл шаруашылық кешеніне неміс инвестициясын тартуға жол ашса, екіншіден, отандық өнімдер экспортын арттыруға септігін тигізеді.

«Жасыл аптаға» отандық тауар өндірушілер де тыңғылықты дайындалып келген. Көрмеге жент, құрт, халуадан бастап атақты қазақстандық шоколадқа дейін қойылған. Шұбат пен балық та бар. Бірақ қонақтарды ерекше таң қалдырғаны бие сүтінен жасалған шоколад болды. Қантсыз өнімді көпшілік бірегей тауар деп отыр. 

Салтанат Төлекова, көрмеге қатысушы:

- Адамдар шоколадты көріп, дәмін татып, керемет деп жатыр. Бұл шынымен де ерекше өнім. Мұндай шоколад әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Ол тек бізде ғана бар.

Аян Еренов, Қазақстан Сыртқы сауда палатасының басқарма төрағасы:

- Отандық тауарларға сұраныс жоғары екенін көріп отырмыз. ЕуроОдақ тұтынушыларына органикалық негізін сақтаған өнімді ұсынудамыз. Біздің есебімізше мұнда қазақстандық өнімді алғысы келетін 20 мыңға жуық тұтынушы, түрлі компания бар. Олардың көбісінің ЕуроОдақпен жұмыс істеу тәжірибесі мол.

Биыл «Жасыл апта» көрмесіне әлемнің түкпір-түкпірінен 100 мың өнім әкелінген. Шара қаңтардың 27-сіне дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында көрмеге 400 мыңнан астам қонақ келуі мүмкін.

Авторлары: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы