375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодар облысындағы қоспалы алюминий зауыты өндірісін екі есеге арттырмақ

  • 317
  • UPD: 21:54, 21.01.2019

Ертіс өңіріндегі қоспалы алюминий өндіретін жаңа зауыт өнім көлемін екі есеге арттырмақ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл кәсіпорын Қазақстанда толыққанды алюминий кластерін қалыптастырып, экспорттық әлеуетті арттырды. Қазір өнімдері Германия, Польша және Австрия елдеріне экспортталуда.

Қоспалы алюминий өндірісінің жылдық қуаттылығы қазір 18 мың тонна. Үстіміздегі жылы екінші кезегі іске қосылып, өнім көлемі 30-35 мың тоннаға артты. Бұрын тек шикізат түрінде сатылып келген қанатты металдан енді тұрмысқа қажет дүниелердің кең түрі дайындалатын болды. Алюминий кластері экономикаға шексіз мүмкіндік береді. Өйткені бұл өнімге әлем бойынша сұраныс жоғары.

Айбек Тұрсынғалиев, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының басқарма төрағасы:

Бұл алюминий кластерінің 4-ші сатысы. Біз мысалға бокситті өндіріп, бокситтен глинозем аламыз. Глиноземнан қарапайым алюминий аламыз. Қарапайым алюминийден қоспалы алюминий тұрмыстық заттарды өндіруге шикізат болып табылады. Сондықтан біз бұл қоспалы алюминийден түймеден бастап ғарышқа зымырайтын ұшаққа дейін жасай аламыз.

Бұл қазір еліміздегі теңдессіз жобалардың бірі. Өйткені қоспалы алюминийді кез келген модификацияда жасауға болады. Іске қосылған екі жылда 10 мың тоннадан астам өнім өндірілген. Оның 70% жанындағы автомобиль дискілерін шығаратын зауыт тұтынады.

Руслан Ибраев, зауыт директорының орынбасары:

- Біз қазір құрамына марганец, титан, магний кіретін қоспалы алюминий шығарамыз. Оны автомобиль дискілерін жасайтын келесі зауыт сатып алады. Сонымен қатар немістің автокөлік және автокөлік дискілерін шығаратын зауытына экспорттаймыз.

Шикізат электролиз зауытынан ыстық күйінде арнайы көлікпен жеткізіледі. Ол уақыт пен электр қуатын үнемдеуге сеп болып отыр. Толық сандық жүйеде жұмыс істейтін өндірісте  28 адам ғана еңбек етеді.

Бүгінгі күні қанатты металл қолданылмайтын сала кемде-кем. Қарапайым тұрмыстық техникалар: компьютер, магнитофон, телефон, ыдыс-аяқ. Өрт сөндірушілердің отқа күймейтін арнайы киімдері де қоспалы алюминийден жасалады. Ғажайып металл автокөлік, тіпті ұшақ өндірісінде кеңінен қолданылады.

Аталған жобаның құны 4 миллиард теңгеден асады. 2019 жылы 3-ші кезегін іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша, өндіріс ауқымы 50 мың тоннаға жеткізілмек.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельнийций

Хабар 24 телеарнасы