378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астана мен Ыстамбұлда қазақ және түрік кәсіпкерлерінің палатасы ашылады

  • 335
  • UPD: 23:40, 22.01.2019

Қазақ және түрік кәсіпкерлері екі ел арасында сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға ниетті.

Еліміздің іскер топтары Анадолы жеріндегі агроөнеркәсіп, азық-түлік, құрылыс және тау-кен өнеркәсібі секілді салаларда тәжірибе алмасуға дайын. Бұл туралы Анкарада өткен қазақ-түрік ынтымақтастығы тобының алғашқы кездесуінде белгілі болды.

Анадолыдағы алқалы жиынға Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұйытқы болды. Қос елдің алыс-берісін арттыру үшін Анкараға елімізден 25 кәсіпкер арнайы барды. Алғашқы басқосуда тараптап өндірістік аймақтар мен кәсіпорындардың мүмкіндіктерін талқылады.

Абзал Сапарбекұлы, Қазақстанның Түркиядағы өкілетті және төтенше жағдайлар елшісі:

– Қазақстандық компаниялар өздерінің инвестициялық, сауда мүмкіндіктерін арттыру үшін Түркиядан әріптестерін іздестіруде. Өз кезегінде, түрік кәсіпкерлері өздерінің экспорттық мүмкіндіктерін арттыру үшін «Қазақстанға қандай тауарларды экспорт жасай аламыз» деген мақсаты бар. Екінші мақсаты – осындай сауда әріптестігі арқасында Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды пысықтау. Алдымен сауда әріптестігі, одан кейін инвестициялық әріптeстік. Сондықтан екі елдің кәсіпкерлері өздерінің ойлаған мақсат, мұраттарына жетеді деп ойлаймын.

Түркия – Қазақстанның ең үлкен сауда серіктесінің бірі. Екі ел арасындағы сауда айналымы былтыр 1 млрд 900 млн АҚШ долларына жетті. Қос тарап көрсеткішті еселеуге ниетті. Оған толық мүмкіндік бар. Кәсіпкерлер осы мақсатта арнайы жоспар түзді.

Нұралы Бөкейханов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары:

Ұлттық кәсіпкерлер палатасының да Түркияға қатысты жоспары көп. 2019 жылы Түркияның палатасы мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, қазақ-түрік палатасын ашпақшы. Бұл палатаның офистері Астана мен Ыстамбұлда болады. Астанада Түркияның сарапшысы отырады және түрік компанияларына көмек көрсетеді. Қазақстаннан келетін сарапшы Ыстамбұлда болады. Ол еліміздің кәсіпкерлеріне инвестиция тарту, сауда және технология іздестіру жағынан көмек көрсетеді.

Елімізде түріктің 1812 компаниясы жұмыс істейді. Түрік елінде де бірқатар қазақстандық компания қызмет көрсетеді. Енді бауырлас мемлекет еліміздің өндірістік аймағын дамытуға өз үлесін қоспақшы.

Орхан Айдын, «Ostim» өнеркәсіптік аймағы басқарма төрағасы:

– Біз үшін Қазақстан – ең маңызды елдердің бірі. Екіжақты ынтымақтастықты арттырғымыз келеді. Өнеркәсіптік аймағымыз – еліміздің ең маңызды орталықтарының бірі. Қорғаныс саласынан бастап медицинаға, жол құрылысынан бастап текстильге дейінгі өнімдерді шығаратын әлемнің әр қиырында әріптес кәсіпкерлеріміз бар. Бұл мүмкіндікті туыстас елмен бөлісуге дайынбыз.

Тараптар бұл жиынмен шектелмей, алдағы уақытта жиі кездесуге уағдаласты. Сан салада берік байланыс орнатқан бауырлас елдер осылайша алыс берістің көкжиегін кеңейтуді мықтап қолға алмақ.

Авторы: Меруерт Қанағат

Хабар 24 телеарнасы