378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында екі құс фабрикасы салынбақ

  • 614
  • UPD: 20:41, 27.01.2019

Алдағы екі жылда Маңғыстау облысының тұрғындарын жергілікті жұмыртқамен қамтуды 100%, ал тауық етімен қамтуды 30% жеткізу көзделуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірде екі бірдей ірі құс фабрикасының құрылысы басталды. Алғашқысы биыл, екіншісі келер жылдың соңында іске қосылады. Азық-түліктің 70% сырттан тасымалданатын өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 5 жылға арналған жоспары жасалды. Жоспарға сәйкес шөлейтті өңір үшін тиімді жылыжай шаруашылығы да өркендемек.

Канадада білім алған Есен Боранбай туған жерге келісімен құс өсіруге кірісіпті. Алдымен Африканың 5 түйеқұсын алдырып, табиғаты бөлек Маңғыстауға жерсіндірген. Бір жарым жылдың ішінде экзотикалық құстардың қатары 20-ға артып, жұмыртқалай бастады.

Әр түйеқұс екі-үш күнде бір жұмыртқалайды. Мына жұмыртқаның салмағы 1,5 келі. Шамамен 15-20 адамға қуырып беруге жетеді екен. Түйеқұс жұмыртқасының қабығы тауық жұмыртқасына қарағанда 20-25 есе қалың. Қаттылығы соншалық, мұны арнайы құралдардың көмегімен немесе балғамен ғана жара аласыз.

24 жастағы жас кәсіпкердің шаруашылығында түйеқұстардан өзге үндінің тауысы мен қытайдың қырғауылы, үйрек, тауық дейсіз бе, үй құстарының бәрі бар. Қазір 3 мың құстан тәулігіне 1,5 мың жұмыртқа алып, Мұнайлы ауданы мен Ақтаудағы сауда орындарына өткізуде.

Есен Боранбай, жас кәсіпкер:

Бізде сұраныс жоғары. Біздің қазіргі бәсекелестеріміз Ресейден келеді, импортты жұмыртқалар. Олардыкі біздікінен арзандау болдса да, біздікі жақсы өтеді. Себебі халық біледі, жергілікті екенін. Сапасы ұнады-ау деймін.

Аймақта жұмыртқаға деген қажеттіліктің 5% ғана жергілікті шаруалар өтеп отыр. Қалғаны өзге өңірлерден келеді. Тұрғындарды жергілікті өніммен қамту үшін жергілікті билік ірі инвестициялық жобаны қолға алды. Жылына 143 миллион жұмыртқа шығаратын фабрика салынады. Қазір Мұнайлы ауданынан 15 гектар жер бөлініп, әзірлік жұмыстары басталып кетті. Облыста сондай-ақ құс етін өндіретін кәсіпорын салынуда.

Серік Қалдығұлов, Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Үлкен инвест жобамыз бар, былтыр басталған. 1,5 миллиард теңгенің жобасы. Бұйырса осы 2019 жылдың қыркүйек айында қосылады деп отырмыз. Бұл жылына 3200 тонна құс етін өндіреді. Бұл іске қосылған жағдайда облыс тұрғындарының 30% қамтамасыз ететін боламыз.

Шөлейтті өңірде жылыжай шаруашылығын дамытуға да баса көңіл бөлінуде. Аймақта былтырдың өзінде оншақты жылыжай іске қосылған. Ондағы өнімдер қара топырақтың емес, минералды мақтаның үстіне өсірілуде.

Талант Наурызбаев, жылыжай кешенінің директоры:

Жаңа технологиямен жабдықталған жылыжайлар өнімді ашық топыраққа еккеннен әлдеқайда тиімді. Өнімді 10 есе көп береді. Суға да үнем бар. Біз 4 гектар жылыжайға негізінен қияр егеміз. Жылына 800 тоннадай өнім жинап аламыз.

Арнайы жоспарға сәйкес биыл аймақтағы жылыжайлардың аумағын 36 гектарға ұлғайту көзделуде. Алдағы айда 2, ал күзге таман 7 бірдей жылыжай кешені іске қосылады. Осылайша, өңір тұрғындарын жергілікті көкөніспен қамту 20-дан 40% артпақ.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы