378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда жыл соңына қарай өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 40 пайызға артады

  • 277
  • UPD: 09:23, 30.01.2019

Бүгінде елімізде бұрын-соңды өндірілмеген 500-дей жаңа өнім түрлері шығарылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық тауарларды әлемнің 110 елі тұтынады. Бұл – индустриаландыру аясындағы мемлекеттік бағдарламаның жемісі. Жаңа жұмыс орындары ашылып, мыңдаған адам екі қолға бір күрек тапты.

Қазақстанда 2019 жылдың соңына қарай өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 40 пайызға артады. Еліміз – ЕАЭО аясында нақты өңдеу саласы жолға қойылған жалғыз мемлекет.

Аграрлық сектор мен өндірістік активтерді қатар өргізген Сыр елінің еңбекқор халқы шикізаттық бағыттан терең өңдеуге ден қойып отыр. Өңірде биыл елімізде баламасы жоқ шыны шығару зауыты іске қосылады. Сондай-ақ кальцийлендірілген сода, керамикалық плита және керамогранит өндірісі жобалары бастау алмақ. Жалпы Қызылорда облысында қос индустриалды бесжылдық аясында 24 жоба жүзеге асырылды. Құрылысына 150 миллиард теңге жұмсалған кәсіпорындардың өнімдері экспортқа шығарылады.

Экспорт демекші, Қарағанды облысында өткен жылы өнеркәсіптегі өндіріс көлемі 2 жарым триллион теңгеге жеткен. Шетелге жіберілетін тауардың үлесі де 12 процентке артты. Кенді өңірде 30 ірі инвестициялық жоба жүзеге асуда. Қазірдің өзінде аймаққа 470 миллиард теңге инвестиция тартылған. Жоспар да ауқымды.

Арман Нұрмағанбетов, Қарағанды облыстық өнеркәсіп және ИИДбасқармасы басшысының орынбасары:

– Жоспарларға келетін болсақ, 2019 жылы өнеркәсіптің 4,5 пайызға немесе 2,7 триллионға өсуі қамтамасыз етіледі. Болат өндірісі 4 миллион тоннадан астам, мыс өндірісі 50 мың тоннаға өткен жылдан артық қамтамасыз етіледі. Жалпы өнеркәсіпті дамыту және инвестицияларды тарту оң серпінге ие, Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуетін жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда.

Ал Қостанайдағы автозауыт былтыр 12 мыңға жуық жеңіл, ауыр көлік түрлерін шығарды. Оның барлығы дерлік өз тұтынушыларын тапқан. Шығарылған автобус, коммерциялық және жеңіл көліктердің 90 проценті ішкі нарықта кәдеге жарауда. Экспорт ауқымы да артқан. Өткен жылы шетелге 840 миллион теңгенің темір тұлпары жөнелтілді. Негізгі тұтынушылар – Тәжікстан және Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттері. Биыл өндіріс көлемін 20 мыңға жеткізу жоспары тұр.

Сергей Могилатов, автозауыт директорының орынбасары:

– Биыл кем дегенде 1,5 мың автокөлікті сыртқа өткіземіз деген жоспарымыз бар. Негізгі тұтынушымыз – Ресей, одан қалды Қырғызстан, Тәжікстан, сосын Әзербайжан жағы да қарастырылып отыр. Өндіріс көлемінің ұлғаюына модельдер желісінің кеңеюі және жаңа көлік түрлерін барынша игеру ықпал етеді.

Өткенге көз жүгіртсек, Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі үш есеге артқан. Көрсеткіш еселене береді. 

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы