378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы тауарлар тарифтерін бақылауға алуды тапсырды

  • 357
  • UPD: 15:09, 30.01.2019
Елбасы тауарлар тарифтерін бақылауға алуды тапсырды inform.kz

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әлеуметтік маңызы бар тауарлар тарифтерін де бақылауға алуды тапсырды.

«Агроөнеркәсіп секторында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бұл туралы Өмірзақ Шөкеев баяндады. 23 тонна бидай жиналып, қант қызылшасы мен соя шаруашылығы дамып келеді. Солтүстік Қазақстанда май шаруашылығының аумағы 2 есеге – 1 миллион гектарға дейін ұлғайды. Еліміздегі май шаруашылығы аумағының 40 пайызы сонда. Құмар Ақсақалов (СҚО әкімі - авт.) бидай өсіре бергенше, осы шаруашылықты дамыту керектігін түсінді. Солай ғой?», - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы сонымен бірге Алматы облысындағы қант қызылшасының өнімділігіне жоғары баға берді. Дегенмен өзімізде бар өнімдер әлі де болса сырттан жеткізілетінін айтты.

«Біз әлі күнге дейін етті шеттен импорттап отырмыз. Сүт өнімдері, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін болсын... Тіпті құс етінің жартысын шеттен әкелеміз. Әрбір жылда, әрбір айда қайдан, қандай өнім әкелініп жатқаны, ол жұмыспен кімнің айналысатыны, бәрі де Премьер-Министрдің алдындағы тақтада жазылып тұру керек», - деді Елбасы. Онымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев импорттық өнімдердің барлығы қымбат екенін атап өтті. «Бәрі де қымбат. Импорттық киім де, тамақ та қымбат. Иә, кейбір өнімдерді өзіміз өндірмейтінімізді білемін. Десе де, солай емес пе, Өмірзақ (ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев - авт.)? Әрбір өнім түрі бойынша нақты жұмыс жүргізелік», - деді Президент. Өз кезегінде бұл мәселелерді шешу үшін Өмірзақ Шөкеев жаңа комбинаттар салу керектігін атап өтті.

«Ендеше сал. Халық үшін әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тарифтерін де бақылауға алуымыз керек», - деді Мемлекет басшысы. Еске сала кетсек, Астанада ҚР Президентінің төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өтіп жатыр.

Ақпарат көзі: inform.kz

Хабар 24 телеарнасы