Жыл басындағы есеп бойынша Ұлттық қордың активі 61,6 миллиард долларды құрады, деп жазады «Хабар 24».
Кешегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Ерболат Досаев Елбасыға осылай деп есеп берді. Оның айтуынша, былтыр елімізде тұрақты өсім байқалды. Әсіресе 5 әлеуметтік бастама мен Президенттің халыққа жолдауында айтылған міндеттерді іске асыруға көптеп көңіл бөлінді. Мәселен, алыс-берісте айтарлықтай ілгерілеу бар. Саудадағы өсім 7,6 процентке жеткен. Ал ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштер былтырғымен салыстырғанда 3,4 процентке артқан. Сондай-ақ тау-кен өндірісі, көлік және құрылыс салаларында да көрсеткіштердің жақсаруы байқалады.
Ерболат Досаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
- Былтыр экономикалық өсім халықтың нақты табысымен салыстырғанда 4,4 пайызға артты. Сіздің 2018 жылдың наурыз айында жариялаған 5 әлеуметтік бастамаңыз тұрғындардың өмір сапасының одан сайын жақсаруына серпін берді. Биыл 1 қаңтардан бастап 63 мың теңгеден төмен жалақы алатындар үшін салықтық жүктеме 10 есеге азайды. Бұл шара 2 млн-дан аса азаматтың табысының артуына ықпал етеді.