378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шымкенттегі жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кәсіпорындарға Үкіметтен қолдау қажет

  • 230
  • UPD: 07:55, 08.02.2019

Шымкенттегі жеңіл өнеркәсіппен айналысатын кейбір кәсіпорындарға Үкіметтен қолдау қажет, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі отандық өнімге мемлекеттік тапсырыстың жоқтығы көңіл құлазытады. «Сондықтан да мегаполисте текстиль саласын жандандырған кәсіпорынның тауарлары шикізат ретінде қазір шетел асуда», – дейді сала мамандары. Осы және өзге де мәселелерді кәсіпкерлер өңірлердегі халықтың жағдайымен танысып жүрген Парламент депутаттарына да жеткізді.

Шымкентте таза мақтадан тігілген маталар мен бұйымдар шетелге шығарылып жатыр. Қаладағы тоқыма кәсіпорны ақ алтынды егуден бастап, дайын өнімге дейін арадағы технологияны өздері атқарады. Басты ерекшелігі, даладан жинап алынған мақта талшығын өздері өңдейді.Тоқыма цехында мақтадан тоқылған қатты сұр мата әрі қарай боялып, одан түкті бұйымдар жасалады.Түрлі халаттар мен қол орамалдар, төсек орын жаймаларына дейін осында дайындалады. «Қазіргі таңда отандық өнімнің өзімізге емес, өзгеге кетіп жатқандығы елімізде сұраныстың жоқтығынан», – дейді сала мамандары.

Нұрлан Аймұрзаев, фабриканың бас инженері:

– Ұлттық компаниялар немесе ірі компаниялар бар. Солардың барлығы өзімізде шыққан отандық өнімді тұтынатын болса, біз оларды толықтай 100 пайыз өніммен қамтимыз. Бүгінгі таңда техникалық мамандарға тапшылық бар. Тапшылықтың себебі неден? Бүгінгі таңда оқу бітіріп келіп жатқан жастарда біліктілік жетпейді.

Бұл кәсіпорын – еліміздегі толық жұмыс істейтін өндірістік циклі бар жалғыз тоқыма комбинаты. Шымкенттен шығатын текстиль өнімдерінің құны шетелдікінен әлдеқайда арзан. Себебі шикізат жергілікті жерде өсетін болғандықтан, ол бағаға әсер ететіндігі анық. Серіктестікте қазірдің өзінде 600-ден аса жұмысшы бар.

Мансұрхан Махамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Шығып жатқан өнімнің шикізат ретінде 90 пайызы сыртқа шығып отыр. Өздеріңіз білесіздер, Елбасының тапсырмасы бар, мүмкіндігінше қандайда болмасын жеңіл өнеркәсіпті дамытуымыз керек. Оның ішінде мақта өнімдері, текстильді дамытуымыз қажет. Ол біздің ішкі сұранысқа өте керек.

Шымшаһарда сондай-ақ текстиль бағытында кілем тоқылып дайындалады. Нақты айтқанда, зауытта күніне 10 мың шаршы метр өнім шығарады. Ал жобаның жылдық қуаттылығы – 15 миллион шаршы метр кілем бұйымдары мен 8000 тонна полипропилен иірім жібі. Яғни үдемелі индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында бой көтерген бұл фабрика қажетті жіпті өздері өндіреді. «Алайда Қазақстандағы тоқыма өндірісіне серпін қажет», – дейді мұндағы серіктестік басшылары.

Оғуз Дурру, кілем фабрикасының атқарушы директоры:

– Бүкіл текстильді бағалайтын болсақ, Қазақстанда дамыту керек нәрселер бар. Бұлардың ең бастысы – шикізат. Шикізат жағынан мемлекет көмек берсе, өндірістер ашылып, сол текстильге арнайы шикізат шықса, тұтынушыға жететіндей тауарлар шығар еді. Жеңілдік болар еді.

6 гектар аумақты алып жатқан кәсіпорында 3 ауысыммен 300 адам жұмыс жасайды. Шаһардың кәсіпкерлері Елбасы Жолдауында жария етілген «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылуын құптайды. «Себебі өндірісті өркендетуге қаржы көптеп бөлінсе, сәйкесінше жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік мол болар еді», – дейді іскер топ өкілдері.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы