378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде жеңіл өнеркәсіп саласы неге тұралап тұр?

  • 521
  • UPD: 11:25, 08.02.2019

Елімізде жеңіл өнеркәсіптің жағдайы мәз емес.

Халық тұтынатын өнімдердің тек 8 проценті ғана – отандық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалғаны – импорт. Бүгінде киім, тері, аяқ киім өндірісінде жұмыс істейтін мыңға жуық бизнес нысаны тіркелген. Оның 95 проценті – кішігірім кәсіпорындар.

Астаналық Жәнібек Сәрсенбаетың белдік жасайтын шағын цехы бар. Айына 600-700 данасын шығарады. Нарықта тек бөлшек саудамен жұмыс істейді. Кәсіпкердің айтуынша, көтерме бағада сатуға әлі ерте. Себебі Қытай мен Түркиядан әкелінген белдіктердің бағасы төмен. Ал әзірге өз тауарын арзандатудың реті жоқ. Себебі шикізатты, яғни өңделген теріні Ресейден әкеледі. Осының бәрін бір жүйеге келтіру үшін мына мәселелерге назар аударған жөн деп біледі.

Жәнібек Сәрсенбаев, серіктестік директоры:

– Мал туылғаннан бастап жақсы қарау керек. Тері сапалы болу керек. Малды сойғанда, ішінен тіліп-тіліп тастайды. Ескі станокпен шығарған соң сапасы шашар болады. Үшіншісі химия. Ең жақсысын Италиядан әкеледі. Ал қалғандарын Ресейден, Қытайдан әкеледі.

Жеңіл өнеркәсіп саласында өз елімізде емес, өзге мемлекетте таныла бастаған кәсіпорындар да бар. Соның бірі – Астанадағы шұлық шығаратын фабрика. Өнімдері Ресейде танымал. Ал Қазақстан нарығына әлі кіріге алмай келеді. Фабриканың қуаты күніне 8 мың дана шұлық шығаруға жетеді. Шұлық тоқитын жіпті Өзбекстаннан әкеледі. Өйткені бізде ондай кәсіпорын жоқ. Мұндағы мамандар халық Қазақстанда жасалған тауарға сенімсіздікпен қарайды. Әсіресе дәл осы жеңіл өнеркәсіп саласында. Сондықтан ең алдымен жұртшылықтың көзқарасын өзгерту қажет деп санайды. 

Аманбек Мұңайтпас, өнеркәсіп шебері:

– «Қазақтар шығарып жатыр ма» деген сұрақ қояды. Біз өніміміздің сапалы екенін толықтай дәлелдеп шығамыз.

Жеңіл өнеркәсіпте еліміздің ішкі нарығы дерлік импорттан десек те болады. Түркия, Қытай, Қырғызстан осылай кете береді. Елдегі киім-кешектің 10 процентке жуығы ғана өзіміздікі. Отандық өнім заңға сәйкес өндірілгендіктен, сапасы жақсы, бағасы қымбат болады. Ал алматылық дизайнер брендтік өнімдерге басымдық берген жөн деп санайды. 

Аяжан Жақсыбай, дизайнер:

– Бізде әлі брендке қаржы құю жүйесі дамымаған десем де болады. Зауыт фабрикаларға соңғы үлгідегі қондырғылар алады. Бірақ ол толықтай жұмыс істемейді. Ал бренд киім шығаруға ақшасын қимайды. Шетелдің бренд киімдері сұранысқа ие. Біз де киімдер тігуіміз керек.

Отандық тауардың аты ғана емес, заты да өз жерімізде шығарылса, тіптен жақсы. Яғни шикізаты өзімізде өңделсе. Әйтпесе сол мақта, жүн мен теріні шетелге арзанға сатамыз. Олар өңдеп, бізге қайта қымбатқа саудалайды.

Мұрат Мыңбаев, жеңіл өнеркәсіп ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

– Бұл салада түйткіл мәселелер жетерлік. Мәселен, фабрикалардағы қондырғылар, құрал жабдықтар қазіргі технологияға сәйкес келмейді. Көбі ескірген. Бізде жеңіл өнеркәсіпте мата шығаратын Шымкенттегі Азала текстиль серіктестігі мен Алматыда бірді-екілі ғана кәсіпорындарды атауға болады. Барлығын қамтамасыз етуге олардың қуаты жетпейді.

Егер елдің ішкі өндірісі дамыса, жаңа жұмыс орны да, салық мөлшері де артады. Ал дүкендерде импорттық заттар көбейсе, оның ақысы шетел асып кетеді.

Хабар 24 телеарнасы