378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде жеңіл өнеркәсіптің дамуына шикізат тапшылығы тұсау болып тұр

  • 290
  • UPD: 11:28, 08.02.2019

Еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің экономикадағы үлесі әзірге көңіл көншітпейді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Десе де, отандық өндірістің әлеуеті жоқ емес, бар. Оған Оралдағы былғары өңдеуді қолға алған кәсіпорын нақты мысал бола алады.

Марат Нұрымғалиев, кәсіпорын менеджері:

– Шетелдің аяқ киімдерін алар болсақ, біз оның қалай тігіліп жатқанын көре алмаймыз, қандай материалмен, қандай айламен жасалғанын білмейміз. Таза былғары болмауы мүмкін, қоспалар қосылады. Қазақстан өнімдерінің айырмашылығы, таза былғарыдан тігеміз, яғни табиғи қой терісінен тігіледі.

Отандық өнім осылай жасалады. Құны да аса қымбат емес. Шеттен келетін өнімдердің бағасы бәрімізге белгілі. Оралдық зауытта ауысымына 800 дана аяқ киім тігіледі. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 700 бас ірі қара мен 2 жарым мың қой терісін өңдеуге жетеді.

Марат Нұрымғалиев, кәсіпорын менеджері:

– Толық қуатқа шығуға ең бірінші кедергі шикізат. Негізгі шикізат жергілікті тұрғындардан алынып жатыр. Ірі қара мал терісі, ұсақ малдың терісі. Соғым сойған кезде көбіне шебер соя бермейді, тері кесіліп кетеді. Ірі қараны сойған кезде неғұрлым теріні бүлдірмеу жағын қарау керек.

Желілерді жаңғырту жұмыстары жүріп жатқандықтан, қазіргі таңда зауыт теріні бастапқы өңдеуге ден қойды. Жартылай фабрикат түріндегі өнімдер былтыр Италия, Испания және Түркия мемлекеттеріне экспортталды. Ресеймен де іскерлік келісімшарт жасалған. Зауыттың толық қуатында жұмыс істеуі жергілікті шикізат сапасына тығыз байланысты. «Ал кәсіпорындардың дені шикізатты көрші елдерден тасымалдап отыр», – дейді сала мамандары.

Тұрсын Өтебаева, кәсіпкерлік және ИИД басқармасының бөлім басшысы:

– Сондықтан киімнің өзіндік құны жоғары болып келеді. Қытайдың сапасы төмен киімімен бәсекеге түсу қиын болып отыр. Дегенмен өндіріс көлемінің ұлғаюы байқалады. Жалпы мемлекеттік бағдарламалар аясында бірқатар қолдау көрсетілуде. Атап айтсақ, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы 2018 жылы 3 жеке кәсіпкер инновациялық гранттарға ие болды.

Айтқандай, аймақта жеңіл өнеркәсіптің өрістеуіне қолайлы алғышарттар баршылық. Жыл санап шикізаттың басты көзі саналатын мал саны артып келеді. Былтыр аймақтың жеңіл өнеркәсіп саласында 1 миллиард 300 миллион теңгенің өнімі өндірілген. «Бұл 2017 жылмен салыстырғанда, 1 жарым есеге артық көрсеткіш», – дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы