378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысына қарасты Райымбек ауданына 2,5 млрд теңгеге жуық инвестиция тарту көзделуде

  • 324
  • UPD: 14:35, 08.02.2019

Алматы облысындағы Райымбек ауданы Кегеннен бөлініп, өз алдына жеке аудан болғалы біраз түрленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір кездері қалаға үдере көшкен тұрғындар да ауылға орала бастаған. 

Небәрі жарты жылдың ішінде Нарынқолға 700-ден астам азамат көшіп келген.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Жас мамандардың ауылға оралуына жаңадан құрылған ауданды дамыту жұмыстарының қызу қолға алынуы оң әсер етті. Өткен жылы Нарынқолда мемлекеттік қызметкерлерге арналған 20 үй салынып, пайдалануға берілді. Биыл аудан орталығында осындай 83 жаңа баспана салынады.

Туған ауылына келіп, еңбек етіп жатқан жастардың бірі – Медет Байжұма. Талдықорғандағы Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетін бітірген ол қазір аудандық мәдениет бөлімінде жұмыс істеп жүр. Арманы – білікті маман ретінде қалыптасып, өзі өсіп-өнген өлкені көркейтіп, гүлдендіруге атсалысу.

Медет Байжұма, аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері:

– Бұрын көшіп кеткен отбасылардың өзі ауылымызға қайтадан көшіп келіп, ауыл шаруашылығымен айналысып, жеке кәсіптерін ашып, ауылымыздың гүлденуіне өзіндік септігін тигізіп жатқан жайы бар.

Өткен жылы Нарынқол ауылындағы жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылды. Ескі ғимараттарға күрделі жөндеу жасалып, жаңаларын салу жұмыстары да басталып кетті. Ол нысандардың бірқатары мамыр айында пайдалануға беріледі. Биыл Райымбек ауданының инфрақұрылымын дамытуға жергілікті қазынадан 9 миллиард теңгеге жуық қаржы қаралды.

Жолан Омаров, Райымбек ауданының әкімі:

– Тек қана аудан орталығы емес, бұдан бөлек 11 ауылдық округті де қамтып жатырмыз. Ол жердегі мәдениет үйлері, мектептер, әкімшілік ғимараттары, су жүйелерін жаңарту, автомобиль жолдары болсын, көшенің бәрін орташа жөндеуден өткізуге жобалық-сметалық құжаттары әзірленді. Оның ішінде екі ауылдық округте 700 млн теңгеге дәрігерлік амбулатория салынады.

Ардақ Айбарұлы, тілші:

– Ауданға биыл 2,5 миллиард теңгеге жуық инвестиция тарту көзделіп отыр. Ол аграрлық сала мен алтын кенішін игеруге қатысты жобалар ғана емес. Туризмді дамыту бағытында да ауқымды шаралар атқарылады. Атап айтар болсақ, Хан Тәңіріне дейін тасжол төселіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Тәңіртаудың баурайында жаңа этноауыл бой көтеретін болады.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы