378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ЕЭО-ға мүше кей елдердің кәсіпкерлері кедергіге тап болып отыр

  • 380
  • UPD: 15:22, 08.02.2019

 

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше кей елдердің кәсіпкерлері кедергіге тап болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еркін саудаға тосқауылдар қойылады. Мұны бүгін Парламент Сенатында өткен Үкімет сағатында жоғары палатаның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Спикердің айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі еркін сауда кезінде тауарларды транзиттеуде, жекелеген өнімдерді әкелуде жергілікті билік органдары тарапынан жасалатын кедергілер бар. Декларациялауды талап ететін кедендік шекаралардың болмауына қарамастан, кәсіпкерлеріміз бірқатар кедергіге тап болып отыр. Мұндай жағдай сыртқы саудаға теріс әсер етеді. Бизнес өкілдерінің еуразиялық интеграцияға деген сенімсіздігін тудырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

– Үкімет бизнес өкілдерінің назарын Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығын қалыптастыру барысында ашылатын мүмкіндіктерге аударуы қажет. Атап айтқанда, алдағы уақытта құрылатын Еуразиялық экономикалық одақтың электр энергетикалық нарығының аясында Қазақстан отандық электр энергетикасы саласының экспорттық әлеуетін жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болып отыр. 2025 жылға қарай одақ шеңберінде газдың, мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы қалыптасады. Осы бағытқа ерекше мән беріп қарағанымыз жөн.

Хабар 24 телеарнасы