377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Арменияның зергерлік зауытынан жеткізілетін өнімге елімізден сұраныс артқан

  • 343
  • UPD: 22:06, 08.02.2019

Былтыр біздің елдің бір ғана Армениямен сауда-саттығы 48%-ке өскен. Дәлірек айтсақ 11 айда 12 миллион доллардан асты. Ал экономистер бұл санды әлі еселеп арттыруға мүмкіндік бар дейді. 

Бұл зергерлік зауыт 10 жылдан бері Қазақстанның нарығына 300-ге жуық өнім жеткізеді. Кәсіпорынның экспорт көлемі  бойынша еліміз 3-орында тұр. Маркетологтар Қазақстаннан сұраныстың жыл сайын артып келе жатқанын алға тартады.

Агаси Погосян, Ереван зергерлік зауытының маркетинг бөлімінің бастығы:

-Негізінен жүзіктер, сырғалар, алқаларды сатып жүрміз. Сұраныс көп болғандықтан, өнім түрлерін ұлғайтуды көздеп отырмыз, осы мақсатта  өндіріс қуатын арттырдық. Жақында қазақ үй түріндегі жиынтыққа тапсырыс түсті. Әзірше эскиздерін жасап жүрміз, жақын арада осы бұйымдар қазақстандық тұтынушыларға ұсынуға дайын болады.

Армян тарапының мәлімдеуінше, екі елдің іскер топтарының арасында байланыстың артуына Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы түрткі болған.

Армен Авакян, «Бизнес Армения» қорының директоры (2017-2018):

- 2018-жылы экспорттық келісімдеріміздің көлемі 6,8 млрд. драмнан асты. Бұл көрсеткішке көрмелерге қатысудың арқасында қол жеткіздік. 2017 жылы 30%  өсім болған. Өзара байланыстың артып жатқанын көріп тұрмыз. Болашақта да бұл үрдіс жалғасатынына үміттіміз. Жақын арада зергерлік пен тоқыма бұйымдары, шарап, коньяк, шырын, жеміс пен көкөніс экспортының артуын күтеміз.

Ал Қазақстан Арменияға астық өңдеу өнімдері, қағаз, картон, фармацевтикалық пен химиялық тауарларды жеткізіп жүр. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 48 процентке өскен. Сарапшылар бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін дейді. Бірақ логистикалық қиындықтар, Ресей өндірушілері жағынан бәсеке мен Армения нарығындағы монополиялық деңгейдің жоғары болуы кедергі келтіріп жүр. 

Тимур Оразаев, Қазақстанның Армениядағы елшісі:

- Өкінішке қарай, Қазақстан мен Армения арасында тікелей теміржол қатынасы жоқ. Экспорттық өніміміз негізінен Ресей аумағы арқылы өтеді. Сол себептен тасымалдауға кететін шығындар тауарлардың бағасын қымбаттады. 

Экономисттер экспорттаушылар, тасымалдаушылар мен қаржы мекемелері жұмысын үйлестіргені дұрыс болар еді дейді. Тек сонда ғана қазақстандық өнімдер Армения нарығында лайықты орын алмақ.  

Тимур Оразаев, Қазақстанның Армениядағы елшісі:

- Арменияда трансформаторлар, кабель, темір сым, металл прокаты секілді қазақстандық бұйымдарға сұраныс жоғары. Біз үнемі армян қауымдастықтарына, сауда-өндіріс палатасына, кәсіпкерлер одақтарына Арменияға қажетті өнімдеріміздің тізімін жіберіп жүрміз. Айтпақшы, Орал трансформатор зауытының бұйымдарын жеткізіп жүрміз. Ол бағасы жағынан дәл осындай ресейлік өнімімен бәсекеге қабілетті.

Арменияның өз нарығында отандық тауарлары мол болғанымен, қазақстандық өнімдерді де сатуға мүмкіндіктері бар. Бірақ бұл үшін тұрақты логистикалық жүйе құрып, сауда бөгеттерін алып тастау қажет. Экономисттер сұранысы жоғары қазақстандық тауарлардың тізімін әзірледі. Оған химия өнеркәсібі, азық-түлік, құрылыс материалдары, металлургия мен машина жасау салаларының 43 бұйымы кірген.

Авторлары: Лаура Жүсіпбекова, Ованнес Акопян

Хабар 24 телеарнасы