378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстан ресейлік бензиннен бас тартуы мүмкін

  • 284
  • UPD: 20:08, 12.02.2019

Үкімет осы аптада ресейлік бензиннің елімізге тасымалдануына уақытша шектеу қоятын құжатты қабылдамақ.

Бұл туралы Энергетика министрінің орынбасары Болат Ақшолақов мәлімдеді. Оның айтуынша, отандық мұнай өңдейтін зауыттардың барлығы жаңғыртудан өткен. Олар ішкі нарықты АИ-92 маркілі жанармаймен толықтай қамтуға қауқарлы екен. Одан бөлек, вице-министр биылдан бастап елімізде экспорттық бақылау бекеттері орнатылатынын  айтты. Осылайша, Қазақстан аумағынан жанар-жағармайдың сыртқа заңсыз шығарылуына тосқауыл қойылады. Бұл қадам отын тапшылығын болдырмауға септеспек. Қазір тиісті бұйрық та дайындалып қойыпты. Әзірге аталған бекеттердің қай аумаққа орнатылатыны белгісіз.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика вице-министрі:

– Аталған бұйрық - дизель отынын біздің шекарадан алып шығаруға тыйым салуды көздейді. Қаржы министрлігі өкілдері биылдан бастап арнайы экспорттық бақылау бекеттерін қоюды пысықтап жатыр. Ол жанар-жағармай тасымалдайтын цистерналы көліктерді тексеруге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта шекарада тұратын біздің офицерлердің ондай тексеріс жүргізуге құқықтары жоқ.

Осы ретте, вице-министр биыл елімізде әуе керосинін өндіру көлемі екі есеге артатынын айтты. Былтыр 300 мың тонна өндірсек, биыл 694 мың тонна шығаруды жоспарлап отырмыз. Егер қажеттілік туындаған жағдайда, Ресейден қосымша 300 мың тонна әуе керосинін алуға мүмкіндігіміз бар екен. Ал оның сапасын тексеру үшін бәрібір ресейлік мамандардың көмегіне жүгінуге тура келмек. Өйткені Қазақстанда ондай зертханалар жоқ.

Михаил Бортник, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

–  Отандық әуе керосиндерін Ресейде сертификаттауымызға тура келеді. Өйткені бізде ондай зертханалар жоқ. Заманауи қондырғылары бар орталықтарды салуға болады. Бірақ оның құны тым қымбат. Сондықтан бізге көрші Ресей еліне барып, әуе керосиндерінің сапасын тексере салған әлдеқайда жеңіл әрі арзан.

Хабар 24 телеарнасы