375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

2018 жылы елімізден Қытайға 600 мың тоннаға жуық астық тасымалданды

  • 268
  • UPD: 15:31, 18.02.2019

Қытай – әлемдегі ең ірі бидай өсіруші ел ғана емес, ең көп астық тұтынатын үлкен нарық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жыл сайын 150 миллион тонна өндіреді. Бірақ соған қарамастан ішкі сұранысын қанағаттандыра алмайды. Сол себепті сырттан астық экспорттайды. АҚШ, Канада, Австралия мемлекеттері Қытайдың алып нарығын бұрыннан-ақ жаулап алған. Қазақстан да іргедегі елдің нарығын біртіндеп игеріп келеді. Былтыр Қытайға 600 мың тоннаға жуық астық тасымалданды.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ҚХР бас өкілі Тимур Меңдіғалиевтің айтуынша, Қазақстан астығының экпорты жылдан-жылға ұлғайып келеді. Қытайға 2017 жылы 307 мың, ал 2018 жылы 560 мың тонна бидай сатылған. Бұл көлемді биыл тағы еселейміз деп отыр.  

Тимур Меңдіғалиев, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» ҚХР бас өкілі:

- Біз Қытай тұтынушылары мен өңдеушілері тарапынан сұраныстың артқанын байқап отырмыз. Қазақстан бидайы Қытай аумағында кеңінен танымал және бірнеше провинцияларға тасымалданады. Астықтың басым бөлігін Қытайдың солтүстік-батыстағы провинциялары сатып алады. Олар Ганьсу, Шэньси, Ішкі Моңғолия мен басқа да аймақтар.

Қытайда «Адам азық табу үшін де азықтануы керек» деген көне мақал бар. Сондықтан жан басы 1,4 миллиардтан асатын ел азық-түлік саясатына ерекше мән береді. Ішкі нарығына жетпей жатқан астықтың біраз бөлігін шетелден алдырады. Соның ішінде сапа жағынан қазақстандық өнімге құштар.

Бянь Юнцзу, Қытай халық университеті экономикалық зерттеулер институтының сарапшысы:

- Біз Орталық Азияның көптеген елдерінен, соның ішінде әсіресе Қазақстаннан азық-түлік импорттаймыз. Қытайлықтарға қазақстандық өнімдер ұнайды. Орталық Азияда өсірілген бидайдың сапасы керемет. Дәмі жағынан да, сапасы жағынан да оған тең келетін астық жоқ.

Қазіргі уақытта бидайды Қытай нарығына Қазақстанның 3 облысы экспорттайды. Бұлар: Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан өңірлері. Қытайлық мамандар әзірге осы 3 облыс пен 67 кәсіпорынға астық өнімдерін сату құқығын берген.

Тимур Меңдіғалиев, «Азық-түлік келісімшарт корпорациясының» ҚХР бас өкілі:

- Қазір Қазақстан ұнын Қытайға экспорттаудың да көлемі артып келеді. Табиғи әрі таза өнімге деген сұраныс басым. Жалпы, Қытай халқының дәстүрінде ұн өнімдерін тұтыну кеңінен таралған. Мәселен, әлемге әйгілі қытайлық кеспенің өзі осы ұннан жасалғандықтан оған сұраныс жоғары.

Биыл көрші елге экпортталатын қазақстандық астықтың қатарына арпа мен жүгері де қосылды. Ал ҚХР бас кедендік басқармасы қаңтарда осы өнімдерді сататын құқығы бар отандық кәсіпорындардың тізімін жариялады.

Авторлары: Нұрбек Бекен, Жаң Сүй

Хабар 24 телеарнасы