378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарлық машина құрастырушылар ауыр жүк крандарын жасай бастады

  • 344
  • UPD: 22:28, 18.02.2019

Павлодардың машина құрастырушылары ауыр жүк крандарын жасай бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сыры кеуіп үлгермеген отандық өнімнің алғашқы легі тапсырыс берушіге жол тартты. Грейферлі кран қазылған кенді жүк көліктеріне тиеуге арналған. Бұл - зауытта қолға алынған алғашқы ірі жоба. Бұған дейін Павлодардың болат құрастырмалар зауыты жүк көтергіш техникаларды Еуразиялық Экономикалық Одаққа мүше елдерге жөнелтіп келген еді.

Белдемелі жүк көтергіш кран өндірісі жеңіл-желпі жұмыс емес. Оның бөлшектерін дайындау бір мезетте барлық цехта жүргізіледі. Грейфер, қарапайым сөзбен айтсақ, жүк тиейтін үлкен шөміш. Белдемелі жүк көтергіштің ең күрделі бөлігі тапсырыс берушіге жөнелтілді.

Александр Попов, металл құрастырмалар цехының басшысы:

– Болаттың әр түрін қолданып, механикалық өңдеуден өткіздік. Шөміштің көлемі – 1,6 текше метр, салмағы 10 тоннаға дейін жүкті көтеруге қуатты. Біз бұл техниканы жасап шығаруға көп күш жұмсадық. Жұмысшылардың біліктілігі мен конструкциялық қабілеттері ұштасып жатыр.

Сенімді белдемелі жүк көтергіштерді жасауда бұрын-соңды қолданылмаған конструкциялық шешімдер қолданылған. Осыған дейін жасалған агрегаттардың әлсіз тұстары ескерілген. Бұларды жаңғырту арқылы жүк көтеру техникаларының қолданылу мерзімін ұзартуға қол жеткізілді.

Евгений Холодов, жүк көтеру құрылғылары цехының басшысы:

– Біз дәнекерлеу жұмыстарына көп жаңашылдық енгіздік. Жүк көтергішті жасауда бөлшектердің санын қысқарттық. Конструкторлар осындай ерекше шешім қабылдады. Мәселен, бәсеңдеткішті дөңгелектің білігіне кигіземіз де, қозғалтқышпен байланыстырамыз. Көптеген аралық бөлшектердің алынуынан кранның салмағы да жеңілдеді.

Жүргізушінің кабинасы цифрлық технологияға негізделген. Жұмысшыға жайлы жағдай жасау үшін климаттық бақылау жүйесі орнатылған. Тағы бір жаңашылдық техниканы алыстан басқаруға болады. Мамандардың айтуынша, цифрлық жүйедегі басқару үрдісі жүк көтергіш крандардың қызметін жақсарта түскен.

Антон Солод, электр бөлімшесінің шебері:

– Мұнда оқыс соққылар мен ауытқулар жоқ. Баяу іске қосылады. Сондықтан қозғалтқышқа көп салмақ түспейді. Механикалық бөлімі, редукторлары, дөңгелектері қорғалады. Жұмыс істеуге өте ыңғайлы. Логикалық бақылау құрылғысы арқылы қандай қате кеткенін, кранның қандай жағдайда екенін бақылап отыруға болады.

Болат құрастырмалар зауыты осыдан екі жыл бұрын дәл осындай белдемелі жүк көтергішті Новосібірге жөнелткен еді. Қазір Қырғызстанмен келіссөздер жүргізіліп жатыр.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Салмағы алты тонналық екі белдемені Павлодардың машина жасаушылары екі айда дайындаған. Жүк көтергіштер енді бірнеше күнде құрылысы жүріп жатқан Жәйрем тау-кен байыту комбинатына жеткізіледі. Кәсіпорын мамандары осылайша ауыр сериялы алғашқы грейферлік кранды жасап шықты.

Атап өтерлігі, аталған тау-кен байыту комбинатына келешекте түрлі үлгідегі 20 жүк көтергіш жасау жоспарланып отыр.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы