378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл жеңілдетілген автонесие бағдарламасына 10 млрд теңге бөлінеді

  • 282
  • UPD: 23:20, 19.02.2019

Бұл туралы Үкімет үйінде өткен жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Оның айтуынша, 8 млрд теңге жеңіл көліктерді несиелеуге бағытталады, қалған ақша коммерциялық теxниканы лизингтік қаржыландыруға жұмсалады. Жеңілдетілген автонесие 4 пайызбен 7 жылға беріледі. Сатып алынатын көліктің құны 15 млн теңгеден аспауы тиіс. Алғашқы кезеңде елімізде құрастырылған 2 мыңнан аса темір тұлпарды сату көзделіп отыр. Кейін жылына 400-500-і сатылымға шығарылмақ.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Он сегіз жыл бюджеттік несие беру автомобиль жасау саласын дамытуға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жалпы соммасы 33,7 млрд теңгенің өнімін сату арқылы қосымша көлемге қол жеткізіледі. Өндірістің жиынтық көлемі шамамен 8128 автокөлікке жетеді. Ел бюджетіне салық және басқа да міндетті төлемдер көлемі 9 млрд 300 млн теңгеден астам соммаға ұлғаяды.

Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары да биылдан бастап «7-20-25» бағдарламасына қатысып, баспаналы болуға мүмкіндік алады. Бұл бағытты дамыту үшін мемлекеттен қосымша 28 млрд теңге бөлініп отыр. Енді пәтер құнының 20 процентін жинап үлгерген банк салымшысы баспана алуға өтініш бере алады. Ипотека 5 пайызбен 25 жыл мерзімге беріледі.

Жеңіс Қасымбек, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Салымшыларға берілетін займдар бастапқы жарнасы 20 процентке дейін болған жағдайда 25 жылға 5 процентке беріледі. Мысалы, құны 8,4 миллион теңге болатын пәтердің, ол шамамен 60 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі баспананың ай сайынғы төлемі 60 мың теңгені құрайтын болады. Бөлінген қаржы бір жылдың ішінде 3111 салымшыға қолжетімді займ алуға мүмкіндік береді. Бұл қаржы 15 жылда 3 рет айналымда болады, яғни тағы 6 салымшыға займ берілетін болады.

Хабар 24 телеарнасы